Әуезов университетінің ректоры қамауға алынды
Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Қайрат Нұрманбетов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті Қайрат Нұрманбетовті екі ай мерзімге, яғни 18 қыркүйек пен 18 қараша аралығында қамауға алу шарасын белгіледі. Сондай-ақ Т және Б есімді күдіктілер де қамауға алынған.
Бұған дейін күдіктілердің бірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры және ол пара бергені үшін күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болған.
Сондай-ақ күдікті А. 25 қыркүйектен 25 қарашаға дейін үйқамақта болады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры мен қалған ұсталғандардың нақты қандай күдікке ілінгені айтылмады.
Еске салсақ, бұған дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры 28,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталғаны айтылды.
Фото интернеттен алынды.