Бала туу көрсеткіші төмендеген: Бұған не себеп?

0
32

Қазақстанда былтыр бала туу көрсеткіші 4,2% төмендеген. Атап айтқанда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында ең аз бала дүниеге келген.

Мамандар болашақта елімізде бала туу көрсеткіші төмендейді деген болжам жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр Қазақстанда 9 айда 270 мыңнан астам бала дүниеге келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4% аз. Ал пандемия кезінде елімізде бала туу рекордтық көрсеткішке жетті.

Екі жылда елімізде сегіз жүз мыңнан астам бала дүниеге келген. Мамандар мұндай өсімнен кейін көрсеткіштің төмендеуі заңды деп отыр.

“Бала туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Меніңше, ол алдағы уақытта да төмендейді, бірақ мұндай жылдам қарқынмен емес. Өйткені 85-89 буынның репродуктивті потенциалы әлі бар. Өйткені пандемия кезіндегі туу көрсеткішінің өсуі тұңғыш балалардың емес, үшінші-төртінші немесе одан кейінгілердің дүниеге келуіне байланысты болды”, – дейді демограф Аяулым Сағынбаева.

Жүргізілген сауалнамаға жауап бергендердің айтуынша, балалардың тууы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Өмір сүру деңгейі төмендеген сайын демография да төмендейді дейді халық.

“Баспана мәселесі. Бәрі үйге келіп тіреледі. Жалақы аз. Қашан миллион теңгеге көтереді?”, “Бұрын ойланбастан бала туатын еді. Қазір “тусам, қалай тәрбиелеймін, қалай асыраймын” деп ойланады. Шағынаудандар салып жатыр, бірақ балабақша мен мектептер жоқ”, “Адамдар өзімшіл болып кетті. Саяхаттағанды жақсы көреді, ғылыммен, шығармашылықпен айналысады. Бала тууға бас ауыртпайды”, – дейді адамдар.

Қазақстанда туу көрсеткіші бойынша оңтүстік облыстар көш бастап тұр. Бірінші орында Түркістан облысы, одан кейін Алматы қаласы, ал Алматы облысы үздік үштікке ілікті.

Ұлытау, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары керісінше, көш соңында. Деморгафтар алдағы он жылда қалаларда бала туу көрсеткішінің төмендеуі мүмкін деген болжам жасады.