Бас мүфтидің келесі қадамы қандай болмақ?

0
426

«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді қайтейін». «Семіздікті көтеретін қой» мен «сенімсіз, күйсеген қойдың» айырмашылығы бар ма?

Бас мүфтидің докторлық диссертациясын кім жазған?

Бас мүфти Наурызбай Өтпенов «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры лауазымына өзінің сенімді орынбасары Ершат Оңғаровты тағайындатты. PhD докторы атағы бар ол енді 4 жыл осы қызметті атқарады.

Өзінің проректорлық орынынан айырылып қалған Қайрат Құрманбаев Бас мүфти Н.Өтпеновке ренжіп кәрін төгіп, «Мүфтиге жарымай өтеміз-ау?!» деп пост жазды. «Өресі өсектен аса алмайтын, сөзінде тұрмайтын, өзінің түк позициясы жоқ адам дінді қайдан көктетеді. Қол астындағы бір имамынан (басқаларды айтпай-ақ қояйын) мүфтиіне қатысты жақсы сөз естімесек те, діннің абыройы үшін мүфтиді қорғаштаймыз деп қанша досқа дұшпан болдық» деп жазып, оның өкініштен өзегі өртенді.

Экс-проректор Қ.Құрманбаев «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді қайтейін» депті жазбасында бас мүфтиді меңзеп. Мұнда қандай гәп бар? «Қ.Құрманбаев Бас мүфти жөнінде «Семіздікті қой ғана көтереді» деген мақалды емес, «неге «сенімсіз, күйсеген қой» туралы айтты» деп таңырқадық біз.

Содан, мүфтиятты жағалап жүрген құпия дереккөзіме хабарласып, «күйсеген қойға» тәпсір беруді сұрадым. Оның айтуынша, Қ.Құрманбаев Н.Өтпеновтің «Нұр-Мүбарак» университетінде (2017-2019) PhD докторы дәрежесін алуын меңзеп тұр.

Наурызбай Өтпенов бұл аралықта Алматыдан мың шақырым жердегі Астана қаласында мемлекеттік және имамдық қызмет атқарған. Заң бойынша, докторантурада сырттай оқуға және ол кезеңде жұмыс істеуіне болмайды.

«Сондықтан оның докторлық диссертациясын «Нұр-Мүбарактың» ғылыми қызметкері Нұрлан Анарбаев жазып берді. Н.Анарбаев – Н.Өтпеновтың туған күйеубаласы, қарындасына үйленген. Бұл оқиғаны 2018 жылы «Нұр-Мүбарактың» проректоры болған Қайрат Құрманбаев жақсы білетін. Сол себепті ол «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді қайтейін» деп жазды» деді дереккөз.

Дереккөздің айтуынша, «Нұр-Мүбарактың» су жаңа проректоры Ершат Оңғаров та «сау сиырдың жапасы емес» екен. Ол о баста Египеттегі 2 жылдық курстың тыңдаушысы болып, сол жерден алған сертификатын «магистратураны бітірді» деп қазақша аудартып, оны нотариуспен рәсімдеп алған. Сол «құжаттың» негізінде ҚазҰУ-нің докторантурасын түсіп, PhD алған. Бұл мәлімет екі-үш жыл бұрын қазақ баспасөзінде жарияланды.

«Бас мүфти өзінің ең сенімді адамын, бірінші наиб мүфтиі Ершат Оңғаровты қасынан кетіріп, неге апарып «Нұр-Мүбаракқа» проректор қылып тықты?» деген сұраққа келсек, дереккөздің айтуынша, мұндағы гәп мынада екен:

Н.Өтпенов келесін құрылтайда орынтағын сақтай алмайды. Ол Бас мүфтиліктен кетсе, Е.Оңғаров та жоқ болады. «Бас мүфти болған адам қызметінен кетсе жай бір қатардағы имам болып жүре алмайды. Оған оның патша көңілі жібермейді.

Сондықтан ол сәл де болса авторитетін сақтап қалатын орын қарастырып жатыр. Н.Өтпенов Бас мүфти лауазымынан айырылса, «Нұр-Мүбарактың» қамқоршылар кеңесін төрағасы болып баруы мүмкін. Оған университетке жаңа тағайындалған проректор Ершат Оңғаров қолқабыс жасайды» деді дереккөз.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.