Білім басқарма басшысы оқушылардың тәртібі үшін қызметтен кетті

0
102

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысқан отырыста Президенттің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімі жиында Президент тапсырмаларын сапалы, уақтылы орындау қатаң бақылауда болатынын ескертті.

«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Алайда Астанаға оның үшеуінің құрылысы желтоқсанда аяқталды деп ақпарат берілген. Біздің өңір үшін 5 мектеп аздық етеді. Халық саны бізбен қарайлас облыстарда кем дегенде 7-9 мектептен салынып жатыр. Бұл мектептердің құрылысының тезірек аяқталуын ата-аналар мен оқушылар күтіп отыр» – деді облыс әкімі.

Ал тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамағандар ескерту алды, кейбірі жұмысынан айырылды.

«Аймақ басшысы облыс әкімінің аппаратына «Жайлы мектеп» жобасымен салынған мектептерді инфрақұрылымдармен тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін құрылыс бойынша жауапты орынбасары Димитрий Гариковқа, Семей қаласының әкімі Талғат Мұратовқа, Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаевқа, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы  басқармасының басшысы Жандос Қайырхановқа тәртіптік жаза қолдануға ұсыныс енгізуді тапсырды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар білім саласында орын алған кемшіліктерге жол бергені, балалардың тәрбиесіне байланысты алдын алу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, мұғалімдер мен білім саласындағы қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеуді қамтамасыз етпегені үшін Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтің қызметінен босатылатынын айтты.