Білім саласында тағы қайғылы жағдай: Күзетші ағаштан құлап көз жұмды

Жамбыл облысындағы білім саласында төтенше жағдай орын алды деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы HALYQSTAN Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Дихан ауылындағы тірек мектебінің күзетшісі қаза тапқан. Қайғылы оқиға 30 қаңтар күні болған. Алайда жергілікті билік өкілдері оқиға туралы деректерді жасырып-жабуға жанталасқан.
HALYQSTAN тілшісінің хабарлауынша, 50 жастағы мектеп күзетшісі Талап Аруынов ағаштан құлап көз жұмған.
Бұл ақпарат туралы қоғам белсендісі Ақерке Рахымбердиева да өз парақшасында жазып, дабыл қақты.
Ол “Оқиға орнында болған адамдар, миы шашылып кетті дейді, өзім сол жерде болмағасын,мұндай ақпаратты айта алмаймын.
Осы қайғылы жағдайдан соң, мектеп директоры бірден ауруханаға жатып алған.
Ал білім басшысы (заврайоно) еңбек демалысында жүрген.
Қазақстанның қай түкпірінде болмасын, қайғылы жағдай болса, күлдіргі пост жаздың, этика қайда деп жатамыз бір-бірімізге.
Ал, завройоно, сол күні Сакский моншада, Байзақ ауданындағы мектептердің директорларын жинап алып, құда күтіп зажигать етіп жүріпті.
Егер өлген адам, іздер сұрары бар, қарауыл болмай, дөкейдің інісі болса, завройоно жұмысқа шақырылып, өлген адамды жерлеу, қонақ асын ұйымдастыру сияқты іспен айналысар еді. Кедей, қара жұмысшы болғасын, бұл өлім елеусіз қалып кетті” деп жазды.
Ауылдастары Талаптың мектепте тазалықшы ретінде жұмысқа тіркелгенін, алайда күзетшілік міндетін атқарып жүргенін айтады. Сол себепті де жұмысқа кешкі уақытта келетін болған.
Қайғылы оқиға болатын күні Талапты жұмысқа ерте шақыртып, ағаштарды кесу тапсырылады. Әйтсе де, аудандағы атқамінерлер Талаптың ағаштан құламағанын, оның үстіне кездейсоқ ағаш құлап кеткенін айтып ақталуда.
Сәйкестік пе, әлде шынымен де солай ма, дәл осы уақытта аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев еңбек демалысында екен де, оның міндетін Ерлан Сейдаханов атқаруда екен.
Облыстық Білім басқармасынан да мардымды ақпарат алу мүмкін болмады.Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын ғана мәлімдеуден әріге аспады.
Полиция департаменті де оқиғаның болғанын растап, алайда нақты бір мәлімет бермей отыр.
Есесіне, Байзақ ауданының білім саласы қызметкерлері арасында осы оқиға туралы ақпаратты сыртқа шығарған кім деген психологиялық қысым, қудалау әрекеттері қарқынды жүріп жатыр.
Қайтыс болған күзетші Талап Аруынов жалғыз басты, ешкімі жоқ кісі болған. Жамбыл облыстық атқамінерлер “іздеушісі жоқ” деп істі жылы жауып қоймақ болған ба, ол жағы әзірге беймәлім.
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.