Бір-бірімізді тірімізде іздейікші

0
204

Адамдар жанында жүрген адамды барында қадірлей бермейді. Кеткенде жылайды, сағынады, еске алу шараларын өткізеді, түрлі шығарма арнауы мүмкін. Ал бар кезінде ондай көңіл бөлмейді. Бұл ел арасында қатарынан оза шапқандарға қатысты ғана емес, қарапайым өмірде де солай.

Адам адамды іздеу үшін өлу керек сияқты.

Шын мәнінде, адам баласына бұл дүниеде керегі — көңіл ғана. Жәй хал сұрасу, жәй шәй ішу, жәй емен-жарқын әңгімелесу.

Көп жасаған бір адамнан ұзақ өмір сүрудің құпиясы не деп сұраса, көңіл ғой, депті. Адамды сау ететін, өмірге құштар ететін шынтуайтында — көңіл. Ал көңіл көңілден су ішетінін қазақ баяғыда айтқан.

Бұрын басқа қаладағы жақыныңа, досыңа, т.б-ға тілдесу үшін хат жазатын, ол апталап жүретін, қазір ол 1 секундтың шаруасы. Бірақ адам оған құлықсыз, қолындағы телефоннан оның нөмірін термейді.

Адамды көру үшін бұрын көлікке, пойыз, ұшаққа отыру керек еді, қанша уақыт, қаржы кететін. Қазір ол секундтық шаруа әрі тегін. Бірақ адам барып кездесу былай тұрсын, тегін видеозвонок жасауға құлықсыз.

Адам бақыт деген аспанда тұрғандай көктен іздеп жүреді, оған жылдарын сарп етеді. Ол бақыты кейде келеді, бірақ таусылып қала береді. Баянсыз.

Шындығында, кәдімгі бақыт адаммен күнде бірге оянып, бірге жүр.

Ол жаныңа жақын адамға жауап бер, ізде, сөйлес, көңіл бөл деп қолынан тартып күнде бірге жүр. Адам тағы құлықсыз. Ол бақытты ғайыптан күтеді және оны күтуге өмірінің ең сапалы, ең қымбат кезеңін арнайды.

Ол өзінің эгосынан жеңілген. Эгосы оған сен бірінші іздесең иілгенің, сен қал сұрасаң кішірейгенің деген сияқты ақымақ, арзан нәрселерді күнде тықпалайды. Эго тіпті тегін лайкты анда-санда қойдырмайды, қойсаң сенің “бағаң” түседі-мыс. Ол қоғамда қандай түсінікті таратып, бекітпеді. Тіпті оны қолдап мыңдар, миллиондар бас шұлғиды.

Эго адамды ешқашан бақытқа жеткізбейді. Ол жалғыздыққа байлайды. Ішкі. Рухани. Оның сырты әдемі миссиясы — сол.

Адам сосын өмірге өкпелейді. Өзгеге де.

Кейде тағдырына налиды, тіпті қарғап жатады.

Ал бақыт сізді күнде күтетінін біліңіз!

Және сіз бен оның арасы бір ауыз сөз ғана.

Бүгіннен жуан жіңішкере бастады. Жер бусанып, тоңы жібіген сайын адамның да көңіліне жаңа үміт, сәуле ене береді. Жаңа жыл кірді. Күнтізбеге аттай 5 күн демалысты енгізді, сылтауы таусылып, адамдар бір-бірін іздесін, жақсы тілек, жылы сөз айтсын деп. Оны да “тәрелкеге салып”, алдымызға әкеп беріп отыр. Наурыз көжені сылтауратып аралассын деп. Осының бәрі біле білгенге, адамзатқа үлкен смс.

Жанар Шамельдің

Facebook  парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.