«Бірақ»-тың жүргізушісі депутаттың інісі екен

0
188

Қоғам сынына қалған «Хабар» арнасындағы «Бірақ» бағдарламасының жүргізушісі болған Самат Толықбай ағасы Мақсат Толықбай сияқты халық қалаулысы екен, деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Ulysmedia.kz -ке сілтеме жасап.

Нақтыласақ, Самат Толықбай – Қарасай аудандық мәслихатының депутаты. Мақсат Толықбай 2012 жылы берген бір сұхбатында:

“Өзімнен кейінгі 1990 жылғы Самат деген інім бар. Құдай қаласа, Тұрар Рысқұлов атындағы Басқару академиясын қаржыгер мамандығы бойынша бітіреді”, деген екен.

Естеріңізге салсақ, 11 наурызда “Хабар” телеарнасының эфиріне шыққан «Бірақ…» ток-шоуында күйеуінен ұзақ уақыт бойы таяқ жеп жүрген әйел келіп мәселесін айтқан болатын. Бағдарламада студияға әйелдің күйеуі келіп, гүл бермек болады. Әйел күйеуінен көп қорлық көргенін айтып, гүлді алудан бас тартады. Жүргізушілер әйелді үгіттеп, «балалары үшін» гүлді алуды өтінеді. Эфирден әйел студияға күйеуінің келетінін білмей қалғаны аңғарылады.

Мұны көрген көрермен “Хабар” арнасының басшылығын қатаң сынады. «Хабар Агенттігінің” басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев кешірім сұрады.

Ал министр Аида Балаева тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатқанын жазды.

Фото ашық дереккөзден алынды.