Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың өміріне қалай әсер етті: зерттеу нәтижесі жарияланды

0
152

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халық денсаулығына әсеріне қатысты жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы баяндады. 

Министрдің айтуынша, мәжілістің Amanat фракциясындағы талқылау қорытындысы бойынша, сарапшылар қоғамдастығын, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың денсаулығына, энергия тұтынуына және еңбек өнімділігіне әсеріне мониторинг жүргізілген.

Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері және бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтитын кешенді тәсіл қолданылған. Зерттеу жүргізу әдістемесі бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол-көлік оқиғалары деңгейіне, қылмысқа және басқа да аспектілерге әсерін бағалау бойынша 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтыған.

«Денсаулық сақтау саласы бойынша қала және ауыл тұрғындарымен қатар түрлі жастағы азаматтар қамтылды (100 мың адам). Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді және бүкіл ел бойынша электр энергиясын тұтынуға салыстыру жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар мен тәртіп бұзу жағдайлары қамтылған. Нәтиже бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері жоқ екенін көрсетеді», — дейді Арман Шаққалиев.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысы үкімет пен парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын еске салды.

«Министрдің баяндамасында айтылғандай, мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті», — дейді ол.

Осы орайда, үкімет басшысы парламент мәжілісімен бірлесіп, тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.