Биылғы Ұлттық құрылтайда қандай мәселе көтеріледі?

0
41

Щучинскте IV Ұлттық құрылтайдың отырысы аясында секциялар басталды.

Мәжіліс депутаты Максим Рожин атап өткендей, бұл — IV Құрылтай. Президент әрқашан Құрылтайдың еліміздің тарихында, руханиятында ерекше орны бар жерлерде өткізуді ұсынып келеді.

Бүгін біз Бурабай өңіріне жиналып отырмыз. Құрылтай өзінің мақсатын орындайды деген ой бар. Өйткені әр құрылтайда әртүрлі көзқарастағы азаматтар жиналады. Бұл — пікір алуандылығы, өйткені түрлі көзқараста диалог арқылы белгілі бір шешімдер пайда болады деген сенім бар. Бұл жерге біройлы, біркелкі азаматтар жиналмайды. Тіпті кей жағдайда кейбір мәселелер бойынша азаматтарда қарама-қайшы пікірлер де пайда болады, — деді депутат.

Ол бүгін өзі қатысатын секцияда қоғамның мәдени саласында өршіп жатқан мәселелер көтерілетінін атап өтті.

Мен бүгін әдеп мәселесі жайлы айтқым келеді. Қоғамды, қоғам мүшесі ретінде өзімді қоғамда болып жатқан әдепсіз дүниелер алаңдатып отыр. Неге ондай жағдай туындап жатыр? Оны қалай шешуге болады? Осы сұрақтарды ортаға талқыға салғым келеді. Азаматтың қауіпсіздігіне, баланың мектептегі, қоғамдағы қауіпсіздігіне қатысты ойлар болады, — дейді Рожин.

Депутат әдеп — ол фундамент екенін, сол себепті алдымен әдеп мәселесін көтеру орынды дейді.

Мысалы, соңғы кездері жүргізушілердің көшеде төбелесіп қалуы, оқушылардың бір-бірін ұрып-соғуы. Мені бұл мәселелер алаңдатады. Өйткені менің балам мектепке барады, ертең менің балам көшеге шығады, қоғам мүшесі болады. Енді мен баламның әдепті болуы үшін жұмыс істеуім керек. Басқалары да солай жасауы керек. Оны қалай жасаймыз? Бәлкім, біз үйде тәрбие беріліп жатыр дейміз. Бірақ қоғамда осындай жағдайлар болады. Қайдан шығады? Неге болады? Біз қай жерден олқылық жібердік? Осыны көтергім келіп отыр, — деп ойын айтты Максим Рожин.

Ол елімізде мәдениет үйлерін көбейту керек деп санайды. Себебі депутаттар өңірлерді аралағанда кейбір өңірлерде мәдениет ошақтарының жоқ екенін байқаған.

Кейбір өңірлерде мәдениет үйлері әлі жоқ. Ауылды жерлерде балалардың не кітап оқитын жері жоқ. Президент айтқандай, мәдениет үйі концерт өтетін орынға ғана емес, жастар жиналып, түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізілетін орындарға айналуы керек. Кейбір өңірлерде азаматтар оны әлі күтіп отыр. Ауылдарда тәрбие беретін қариялар да қалмады. Сол қарияларды мәдениет үйлеріне алып келу керек шығар, — деді ол.

Рожин қазір ата-аналар баласын асырау үшін жұмыстан қолы босамай жүретініне назар аударды.