Біздегі діндарлардың қадірі қалай қашты?

0
431

Дін өкілінен неге қадір қашты? Бұл сұрақты біз ұялмай қоя білуіміз керек. Кір жағудан аулақпын. Бес бересі, алты аласым да жоқ. Бірақ тенденция бар. Себебін қайдан іздейміз? Қоғамдық реакцияны жоққа шығаруға болмайды. Ол «сезім» бір күнде пайда болған жоқ қой?

«Имам үйі» деген видео көпшілік назарын тез бұрды. Жұрт оның рас-өтірігін тексеріп жатқысы келмеді, бірақ айыптауға келгенде тоқтай алмады.

Тіпті солай болған күннің өзінде, онда тұрған не бар? Ол да адам баласы. Оның да діннен алыс, кәсібі, бизнесі бар туған бауыры болуы мүмкін.

Байлығы асып-тасып тұрса, ол ағасына ондай үй алып немесе салып бере алмай ма? Бере алады. Әлде имамға зәулім үйде, коттеджде тұруға тыйым салынған ба біздің елде?

Әлде имам – ақшасы жоқ мүсәпір адам болуы керек пе? Айналып келгенде, ол да осы қоғамның мүшесі емес пе?

Сонымен, неге қазір біздің қоғам дін адамына өшігіп алған? Менің ойымша, дін саласын жік-жікке бөлінген, ұлттық құндылықты тәрк еткен, бір-бірін мойындамаған ағымдар құртты.

ҚМДБ дер кезінде сол ағымдарға реакция білдіріп, ақ-қарасын ашып, бағасын бере алмады. Көпшілікке тура бағыт ұсына алмады. Оған саясат ықпал етті ме, жоқ па – ол енді өздеріне ғана аян. Нақты білерім жоқ, баға бере алмаймын.

Бірақ бақылаусыз қалған (көбіне сауаты аз, әлеуметтік тұрмысы төмен) жастар әртүрлі ағымның етегінен ұстап кете барды. Олар шынайы діни білім іздеп, зейінін ҚМДБ-ға қарайтын медреселер ішінен ашқысы келген жоқ.

Қолына Құран алып, бастан-аяқ оқуға зауқы болмады. Тек дін туралы, анығында жұмақ пен тозақты көп дәріптеген адамдардың қызыл тіліне сеніп, соларға ғана иланып қалды.

Олар не айтса – заң. Халал (адал ғой) деді ме – халал, харам (арам ғой) деді ме – харам. Бітті. Көзсіз сенді, ессіз сенді.

Сол ағымдарға интернет те уақытында күшті көмектесті. Аудиторияны, массаны тез жинады. Соның «жемісі» ғой, қазір осы діни ортада жүрген, өз тілдерінде айтсақ, кей намазхандар шындап келгенде ҚМДБ-ны мойындағысы жоқ.

Бір мешітке жиналған қауым намазды әртүрлі салтпен оқиды. Біреуі «әминді» ішінен айтады, біреуі дыбыстап айтады деген сияқты ғой. Бір мешітке жиналған қауым – уахаб, сопы, басқа болып бірнеше топқа бөлінеді…

Енді сол ағымдардың «өнімі» қазақтың ежелден келе жатқан ғұрпын жоққа шығарып, «халал-харамға» бөліп, «ширк» деп шегелеп, қоғамның берекетін қашырып жіберді.

Ең алдымен кескін-келбеті өзгеріп шыға келді, интернетте ойына келгенін, қиялы жеткенін айтты. Әңгіменің бәрі сол жұмақтағы «кәйіптің» айналасынан аспай қалды.

Қысқасы, белден көтерілмей қалды. Ең ақыры, оранғаны да, сақалдысы да «мүшетанушыға», «қынаптанушыға» айналып кетті (кешіріп қойыңыздар).

Бұрын, бала кезімізде дейікші, дін адамынан сүйкімді адам жоқ еді. Олар сондай сабырлы да салмақты, артық сөзі жоқ мәдениетті, ақжарқын келетін.

Үлкен де, кіші де зор құрмет көрсететін. Алдынан кесіп өтпеуге тырысатын. Дін адамы қадірлі болды. Өйткені олар өзі үшін(!) намазға жығылды, өзі үшін(!) Құдайына сенді.

Өзімен өзі жүрді. Ешкімге кәпір демеді. Жұрт жеген асты бірге жеді. Өліге бірге құран бағыштады, қорым аралап, бет сипады. Ортақ құндылықты сақтады, дәстүрді ұстанды. Бәрі мамыражай болатын.

Кейін сырттан ағымдар келді де ел-жұрттың миын улап тастады. Қазір зомбиміз. Көзіміз ештеңені көрмейді.

Намазға жығылатынын мақтаныш, деңгей көретін мәдениетсіз қауым қалаларда жүрер жолыңды да ойланбай бөгеп тастайды.

Өзінің көлігі тұрса болды, қалғанында шаруасы жоқ. Өйткені, мешітте маңызды шаруа тындырып жатыр. Тума-туыспен араласпайтындар бар.

Намазхан бауыздамаған мал деп асып берген етіңді жемейді, бет сипамайды, әулие-әмбиелерге сый-құрметі жоқ. Қысқасы, қоғамда баланс бұзылды. Дінге қисық «келген» қауым наным-сенімді, әдет-ғұрыпты, салтты быт-шыт қылып тынды.

ҚМДБ қайта соңғы кездері қоғамда болып жатқан діни салаға қатысы бар оқиғаларға реакция білдіре бастады. Дұрыс-бұрысты айтуға тырысады.

Осы істі ерте қолға алғанда, ағымға кіріп, жолдан тайған қауымға: «сен адасып жүрсің, олай айтпа, «жұмақтағы хор қыздарыңды» қоя тұр, баба жолы былай, бағытымыз мынау, анау – салтымыз, оған тіл тигізбе, жолыңды айқында, діни біліміңе сенбесең кел, зейініңді ашайық, дұрыс жолды көрсетейік» деп білек сыбанып кіріскенде, интернетпен жүйелі жұмыс істегенде бәлкім, халіміз тап бүгінгідей мүшкіл болмас па еді деп ойлап қоясың.

Өзімнің пайымым ғой, қателесуім мүмкін, бірақ мендегі азаматтық, азат ой осы еді, ағайын.

Дұрыс қоғам қалыптасқанын қалаймын. Жастар білімді болсын, жан-жағына қарасын, көзі ашық болсын деген ниеттен туған ой бұл.

Діни сенімге тосқауыл қоятын ойым жоқ, әркімнің жолын сыйлаймын, бірақ ата жолынан адаспасақ екен деймін. Ширк-пирксіз де өмір сүруге болады. Сен кәпірсің демей-ақ та өмір сүруге болады.

Мәпелеп өсіріп отырған ұл-қызымыз ағымдардың жетегінде кетпесін, зейінді болсын, қырағы болсын деп жан-жағымызға қарай жүйрейік, ойлана жүрейік, ой сала жүрейік деп жатырмын.

Нұрболат ТАУЫСБАЙҰЛЫ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.