Бізге «орыс әлемінен» алыстау қазір мүмкін емес

0
495

Түсінгенім, бізге енді Ресейді жамандауды доғару керек… Орыс ықпалынан ешқашан құтылмасымызды түсіне бастағандаймыз. Украинаға басып кіргеннен кейін «Ресей ыдырайды, бұрынғы айбарынан айырылады, Пүтин тағынан таяды» деген әңгімелерді де ақырындап байыздату керек секілді.

Орыспен өмір бойы бірге жасаймыз. Орыстың өнімі, өнері, әдебиеті, ғылымы бізге өмір бойы ықпал етеді. Өз ішіміздегі орыстілді аудитория да «как миниумум».

Путиннің көзі тірісінде ықпалын жоғалтпайды. Орыс мектептері де ешқайда жоғалмайды. Басқа да түрлі идеологиялық, гуманитарлық, логистикалық көпірлер талқандалмайды.

Ұл-қызын орыс мектебіне таситын қазақтардың саны да жуыр арада сирей қоймайды. Орыстың тауарлары, брендтері қазақтың сөрелерінде самсап тұра береді.

Отандық нарықты орысқа басыбүтін бере салдық, өтірік пе? Сол секілді орыстілді мамандарға сұраныс арта береді. Шындық осы.

«Орыс әлемінің» орбитасында айналып жүруді маңдайымызға жазған секілді. Украина Ресейдің түбіне жетеді деген түрлі дихотомиялық пайымдарды да күресінге тастау керек секілді.

Ертең Трамп пен Путин бітімге келеді, сонда біздің антиресейлік риторикамыз кімге керек? Қазіргі реалиге тура көзбен қарасақ, Ресей жеңілген жоқ. Мәскеуді санкциялар да мұқата алмады.

Сосын ертең әлдеқандай жағдай болса, бізге Түркия жәрдемдеседі деген де бос әңгіме секілді. Ботадай боздап жалғыз қаламыз. Украинаға болысып жатқан Батыс елдері бізге араша түспейді.

Айдос Сарым айтпақшы, орыспен дос болу біз үшін «өмір мен өлім мәселесі». Мәңгілік көршімен…мәңгілік достық. Ресейдің басқыншы ел екенін биліктегі қауым түсінбейді емес. Түсінеді. Бірақ егемендікті сақтауды ең ақылды амалы осы болып тұр. Тоқаевтың көпвекторлы саясатын жүрекпен қабылдап, сіз бен біз дескен сыйластықтың шытынамауына мүдделі болғаннан өзге жол жоқ. Таласаңдар талаңдар…

Думан БЫҚАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.