“Болашақтың” беделін түсірген кімдер?

0
195

Соңғы кездері Бишімбаев, Гавриленколардың кесірінен Халықаралық “Болашақ” стипендиясының беделі түсіп барады. Осыны пайдаланып, “Болашақты” жабу керек деген пікірлер жиі айтылып жүр.

Тіпті айналамнан “Болашақпен” оқып келгендерге сәл негативпен қарайтындар да байқалады…

Алайда мен осы “Болашақ” стипендиаты ретінде бұл тенденцияға қарсымын. Өзі еліміздегі адам игілігіне арналған, шетелде мақтанышпен айтатын аз-ақ жобалардың бірегейі еді. Оның да түбіне жетейік деп отырмыз…

Алысқа бармай-ақ, журналистикада Жайна Төлеміс, Әлия Әшім, Есенгүл Кәпқызы, Гүлназ Кокишева, Қанат Әуесбай, Мұрат Есжан сияқты біраз “Болашақ” түлектері елге пайдасын тигізіп-ақ жатыр. Бұл мен білетін, өзім әлеуметтік желіде көріп жүрген әріптестер.

Сол сияқты әр салада көзге көрінбей де өз үлесін қосып жатқандар көп. Бір ғана Әйгерім Құсайынқызы әйел құқығын көтеріп, азаматтық қоғамның қалыптасуына қандай үлес қосып жүр.

Сондықтан бір ғана Бишімбаевтың әрекеті немесе Гавриленконың алаяқтығы бүкіл стипендиаттарға, жалпы “Болашақ” бағдарламасына деген кері көзқарас қалыптастырмауы керек.

Рас, дамыған елге барғанда ондағы жағдайды көріп, сол елде қалғысы келетіндер көп. Алайда мемлекет қаржысына оқыған соң, олар да ақымақ емес, ертеңгі күнін ойлайды, өйткені міндеттемелері бар.

Шетелде қалып қойса қарызын өтейді, немесе елге келіп, өз саласында жұмысын жалғастырады. “Болашақ” әр стипендиаттың жүріс-тұрысын қадағалап, есеп алып отырады. Стипендиат оқу шығынын ақтайды, оған қам жемеңіздер.

Гавриленкоға қатысты кеше болған сот отырысында әріптесім, құрбым, қазір “аяғы ауыр” Мақпалдың сөзін тыңдап жүрегім ауырды. Гавриленко екі үйін кепілдікке қойған, одан қалған 1 млн теңгеге ғана гарант ретінде қол қойған Мақпал мен Натальяға енді барлық оқу шығыны жүктеліп отыр.

“Болашақтың” бұрынғы басшысы Жанболат Мелдешов кепілдікте тұрған мүлікті заңсыз шығару жөнінде қол қойғанын ашық айтып отыр. Бірақ сұрақ оған емес, 1 млн-ға ғана қол қойған гаранттарға туындап отыр. Бұл жерде мәселе Гавриленко мен Мелдешовтың жауапсыздығы емес пе?

Кезінде жауапты болғандар мен борышкерді жауапқа тартсын, гарант болған Наталья мен Мақпал да өздері қол қойған 1 млн-нан астам соманы төлеуден бас тартып отырған жоқ.

Бірақ, осы жағдайдың кесірінен, немесе Бишімбаевтың кесірінен білдей бір Халықаралық “Болашақ” бағдарламасы жабылмауы керек деп есептеймін. Әркім өз жұмысын дұрыс, адал атқарсын, бар болғаны сол ғана.

Әйгерім АҚЫЛТАЕВА,

Facebook жазбасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.