Бюджеттің миллиардтарын «жұтып жатқан» діни оқу орындары — елімізге аса маңызды, пайдалы ма?

0
42

Экс-министр Ерлан Сағадиевтің № 569 бұйрығы Конституциядан күшті ме? Біз қашан құқықтық мемлекет құрамыз…

Бір ғана діни ұйымның көсегесін көгертуді көздейтін «Нұр-Мүбарак» ислам университетін және ҚМДБ меншігіндегі 9 медресені бюджет есебінен заңсыз қаржыландырып отырған Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің әрекеті Қазақстанды конституциялық дағдарысқа апаратыны айқындалып келеді.

Қоғам белсендісі Әсел Тауханның осы заңсыздық бойынша жазған арызы қалалық сотқа кетті, ал аймақтық білім басқармаларының діни ұйымды қаржыландыруының заңсыздығы аудандық соттарға жолданды.

Әзірге оңды нәтиже жоқ. Сондықтан бұл заңсыздықтың бәрі түбінде Конституциялық соттың қарауына барады…

Ағайынды Смановтар иектеп алған «Сарыағаш медресесін» мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырған Түркістан облыстық білім басқармасы жергілікті журналист Амангельды Батырбековтің сауалына әкімдер және министрлердің бұйрығын, қаулысын алға тартты.

Ал заңдылықты қадағалау органдары мен депутаттарға жазылған арыз құрамында Дін істері комитеті бар Мәдениет және ақпарат министрлігіне «лақтырылды».

Осы жағдайда бір ғана діни ұйымның – ҚМДБ-ның қамын күйттеп шыға келетін вице-министр К.Искаков «Нұр-Мүбарак» ислам универсиетіне миллиардтап мемлекет бюджетінен ақша бөлудің негіздемесі ретінде «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы» 2018 жылғы 13 қазандағы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің № 569 бұйрығына сүйенді.

Осы бұйрық бойынша «Исламтану», «Хадистану», «Дінтану», «Теология» мамандықтарын дайындау үшін «Нұр-Мүбаракты» бюджеттен қаржыландыруға жол ашылған.

Сонымен қатар, Сағадиев осы бұйрық арқылы кәсіптік техникалық орта білім беретін колледждердің қатарына мүфтият медреселерін қосып, «Имам-хатиб», «Ұстаз» мамандықтарына да мемлекеттік білім грантын миллиардтаған теңге көлемінде бөлгізіп қойған.

Бірден айта кетейік, Е.Сағадиевтің бұл бұйрығы — Конституцияны да, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды өрескел бұзу.

Солай болса да, Сағадиевтің № 569 бұйрығын Әділет министрлігі жедел түрде, тексеріп-саралап жатпай үш күн ішінде тіркеген.

Сағадиевтің осы бұйрығын қазір де білім және ғылым саласына жауапты екі министрлік басшылаққа алып отыр.

Конституцияны, Қазақстанның конституциялық заңдарын аяқасты еткен Е.Сағадиевтің осындай бұйрық шығаруының себебіне де айта салайын.

Біріншіден, Е.Сағадиев – «басынан бақайшығына дейін «Ескі Қазақстанның» адамы, қазір ол шетелде тұрады. Сағадиев министр болғанда оның аты Панама оффшорларында есепшоты бар адамдардың тізімі қатарында аталды, басы дауға ілікті.

Соған қарамай ол білім саласындағы лауазымын сақтап қалды. Ерлан Сағадиевтің мемлекеттік лауазымды қызмет иеленуі Назарбаевтың немере інілері Қайрат Сатыбалды және Самат Әбіштің ел билігіне ықпалы артқан тұсқа сәйкес келеді.

Осы кезеңде кейбір министрлер мен Президент әкімшілігінің бірнеше жауапты шенеунігі аяқасты намазхан болып кеткен. Солардың қатарында Ерлан Сағадиев те болды.

«Ислам ынтымақтастық ұйымына» мүше елдердің ғылыми зерттеулері мен білім саласындағы жобаларды бірлесіп жүргізу жөніндегі шешімін «инновациялық» тұрғыда қолдаған да Сағадиев. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей Сағадиев зайырлы Қазақстан Конституциясы мен конституциялық заңдарын бұзатын бірнеше бұйрық шығарды.

Ол кезеңде Әділет министрі, Бас прокурор және басқа да құқық қорғау органдарының лауазымды шенеуніктер диктатор Назарбаев пен оның діндар інілерінің қаһарынан зәре құты қалмай қаймыққан шығар…

Ал қазіргі жағдайда «Жаңа Қазақстанның» — «Әділетті Қазақстанның» министрлері мен аудандық соттары «Нұр-Мүбарак» ислам университеті мен мүфтият медреселеріне миллиардтап бюджет қаржысын заңсыз шығындап отыруға жол ашқан Сағадиевтің № 569 бұйрығын жоюға ниет неге танытпайды?

Әлде сағадиев-сатыбалдылар жасаған бюджет шығындаудың заңсыз схемасы «Жаңа Қазақстанға» да ұнап қалған ба?!.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан.