Дәретханада қыздарды видеоға түсірген Назарбаев университеті студенті

0
109

Желіде Назарбаев университетінде студенттің қыздарға арналған дәретхананы видеоға түсіргені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған ақпарат Threads желісінде жарияланды. Мәліметке сәйкес, студент 30 видео түсірген.

“Қыздардың тағдыры не болары белгісіз. Біз жәбірленушілерге әділдік талап етеміз! Университеті өз беделі үшін мұндай ақпараттарды жасырын ұстауды доғарсын. Осы тектес қылмыстар ұлдарға бала кезінен «сен басты адамсың» деп үйреткеннен туындап отыр. Олар осыдан кейін қалаған нәрсесін істеп үйренген. Қазақстанда әйелдердің құқығын сақтау және көтеру керек!”, – деп жазды жазба авторы.

Ал жазба астына жазылған пікірлердің бірінде студенттің 2 курс оқитыны және оқудан шығарылғаны айтылған.

“Екінші курс студенті екен. Университеттен шығарылды деген ақпарат естідім. Ақпарат дәл емес, мен басқа студенттерден естідім”, – деп жазды ол.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Назарбаев университетінен мән-жайды сұрап білді.

Назарбаев университетінің мәліметінше, ресми тәртіпке сай ішкі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

“Қазіргі уақытта осы іс бойынша университетте қабылданған ресми тәртіпке сай ішкі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Дәлел-деректер жиналып жатыр. Университет қолында дәлелі болмай, ешкімді кінәлай алмайды. Ішкі тәртіпке сай бұл мәселе – студенттермен жұмыс жөніндегі департаменттің бақылауында”, – делінген хабарламада.

Университет мәліметінше, оқу орнында нақты белгіленген тәртіп және студенттердің құқығын қорғау шаралары бар.

“Құқығы бұзылған кез келген студент университеттің ресми органдарынан көмек сұрай алады. Бұл мақсатта студенттермен жұмыс жөніндегі департамент, студенттік үкімет және арнайы мамандандырылған бөлімшелер жұмыс істейді. Олар түскен өтініштерді белгіленген тәртіппен қарастырады. Назарбаев Университетінде тұрақты негізде психологиялық қолдау көрсету қызметі, сенім байланыс нөмірлері жұмыс атқарады. Кез келген төтенше, қиын өмірлік немесе дағдарыс жағадайларында студенттерге шұғыл түрде психологиялық көмек пен қолдау көрсету ұсынылады”, –делінген хабарламада.