«Декретке миллионмен» шыққан әйелдердің табыс көзі тексеріледі

0
877

Еңбек министрлігінің басшысы Светлана Жақыпова Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жаппай тексерулер жүріп жатқаны туралы ақпаратты растады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Министр Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры желісі бойынша жаппай тексерулер жүріп жатқанын NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив сұқбатында айтты.

Журналист Жақыповадан жаппай тексеріске қандай жағдай себеп болғанын сұрады.

«Рұқсат болса, мен одан «жұлдыз» жасап, басқа жүкті әйелдердің тәбетін еселемеу үшін соманы айтпай-ақ қояйын. Сома қомақты. Дәлелденген фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сәби күтіп жүрген жас келіншектерге мынаны айтқым келеді – табысты бұлай таппайды, болашақ сәбиіңіздің өмірі бұлай басталмауы керек. 1,4 мыңнан астам кәсіпкер жүкті әйелдердің кірісін арттыру мақсатында алаяқтық схемалар қолданып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаражат шығарған. Айта кетерлігі, ол заңға бағынатын азаматтардың әлеуметтік аударымдарынан жинақталады», — деді министр.

Сондай-ақ, Светлана Жақыпованың айтуынша, жұмыс берушілердің өзі бұл жайттан бейхабар болған. «Жұмыс берушілердің өзі қандай да бір әйелмен еңбек қатынасы бар екенін көп жағдайда білмейтін болып шықты.

ЭЦҚ бухгалтерге тапсырылған, ал ол ойына келгенін істеген. 500-ден астам кәсіпкер еңбек қатынасы жоқ екенін растады. Қазір тексеріс жүріп, қылмыстық істер қозғалып жатыр», — деп түйіндеді сөзін министр.

Фото интернеттен алынды.