Діни киімге түбегейлі тыйым салынуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи парламентте қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесі талқыланып жатқанын айтты деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда діни киім киюге тыйым салу мәселесі өзекті болып тұр.
“Бүгінде біз үшін ең маңызды мәселе – еліміздің ұлттық мүддесін, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетімізді сақтап қалу. Қазіргі қоғамда қара киім киген қазақтар көбейіп жатқанын байқаймыз. Бұл жағдай біздің болашақ ұлттық мүддемізге үлкен зиянын тигізеді”, – дейді Ермұрат Бапи.
Ол тиісті заң жобасы алдағы сессияда парламентке енгізілетінін айтты.
“Сондықтан біз, бір топ депутат осындай заң жобасын дайындадық. Ол парламентте күзгі сессияда ұсынылады. Қоғамдағы хиджаб, никаб және басқа да діни киімдер мәселесі осы заң қабылдағаннан кейін шешімін табады деп ойлаймын. Сонда ғана біз діни киім кию мәселесін реттейміз”, – дейді депутат.
Фото ашық дереккөзден алынды.