Діни текетірес: Енді келесі бір тариқат мемлекеттен ақша сұрап отыр (ВИДЕО)

Зайырлы Қазақстан діни ағымдарды қаржыландыруға міндетті ме? Исламның Ханафи мәзһабындағы ҚМБД медреселері мен «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне жыл сайын мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге бөліп отырған үкіметтің заңсыз қылығы конституциялық дағдарыс апаратынын айттым ғой.
Өткен аптада блогер Антон Бударов Қазақстанның білім беру саласына жауапты екі министрден РПЦ-ға (Московский патриархат) қарайтын «Алма-Атинская православная духовная семинария» студенттеріне мемлекеттік білім гранттарын бөлуді талап етті.
Міне, енді өзін Яссауи тариқатының пірімін деп санайтын Исматулла тақсыр зікір салатын медресе-шілхана ашып бер деп Президенттің өзіне доқ көрсетіп жатыр (видеоны қараңыз).
Былай қарасаң – Бударовтың да, Исматулла тақсырдың да талабы дұрыс: «Алма-Атинская православная духовная семинария» студенттері – ҚР азаматтары; Исматулла Әбдіғаппар да ҚР азаматы. Конституция бойынша, Ханафи мәзһабы да, Яссауи тариқаты да, православ христиандар да,.. заң алдында тең. Ал іс жүзінде үкімет заңды бұзып, мүфтияттың медреселерін ғана қаржыландырып отыр.
Сонда қалай болғаны, Сарыағаш медресесін билеп-төстеп алған Смановтар бюджет есебінен оқитын медресе шәкірттеріне аяқ-санын уқалатып білгенін істеп жатқанда Исматулла ақсақалға зікір салып отыратын бір медресе-шілхана бұйырмай ма?!.
Былай қарасаң, пірдің де, блогердің де сөзі дұрыс. Ал Конститутция мен конституциялық заңдарға сүйенсек, кез келген діни ұйымға мемлекеттік бюджеттен ақша бөлуге тыйым салынған… Бұл не,.. түсінбедік қой, әлде екібеткей ішкі саясат деген осы ма?!.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.