Грекияда жанған яхтада Үміт Шаяхметова болған ба?

0
175

Жуырда БАҚ-та Грекияда қазақстандықтар орман өртіне себеп болғаны туралы ақпарат тараған еді. Бір қызығы, өртенген арал жанындағы яхтада Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова мен олигарх Данияр Абылғазин болған, — деп хабарлайды Dalanews.kz Organized Crime and Corruption Reporting Project деректеріне сілтеп.

Деректерге сүйенсек, оқиға Грекияның басты туризм орталықтарының бірінде болған. Аралға демалуға келгендер яхтадан отшашу атқан, артынша бұл орман өртіне себеп болған. Гидра мэрі Гиоргос Кукудакис әкімшілік өртті ұйымдастырған шетелдіктерді сотқа беруге ниетті екенін де айтқан.

OCCRP(Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) мәліметінше, бортта болған Қазақстанның танымал азаматтары келесі күні жеке ұшақпен елден қашып кеткен.

«Өрт Гидра аралындағы 300 000 шаршы метр аумақты шарпыды. Ұлттық өрт сөндіру бөлімі өкілдері өртке қарсы бөлімше грек экипажының 13 мүшесін тұтқындағанын хабарлады. Алайда аптасына 250 000 еуроға жалға алуға болатын сәнді яхтадағы қонақтардың ешқайсы ұсталмаған», — деп жазылған деректе.

Қала мэрі «муниципалитет кінәлілерге қатысты шаралар қабылдау және өтемақы талап ету үшін тергеудің соңғы нәтижелерін күтіп отырғанын» айтқан.

«Персефоне I» яхтасының қонақтары арасында жеті қазақстандық болған. Олардың арасында Қазақстанның ең бай адамдарының бірі Данияр Абылғазин де болды. Өрттен кейінгі күнгі ұшу туралы жазбалар Абылғазин үнемі пайдаланатын жеке ұшақ Афина әуежайынан Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыға ұшқанын көрсетеді», — деп жазылған мәліметте.