«Интернетте заңға қайшы ақпараттар екі есеге артқан» дейді министр

0
16

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі жеке парақшасында интернетте таралатын жалған ақпарат туралы пікір қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр бұл ретте әлеуметтік желідегі ресурстар мен ақпарат ресурстарының әкімшілерін мұқият болуға шақырды.

«Қазір интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады. Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын», — дейді министр.

Балаева «миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін» атап өткен.

«Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар.

Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды», — деп жазды ол.