Қай үкіметтің тұсында Ұлттық қор минусқа кетті?

0
106

Ел үкіметі алдағы 3 жылда Ұлттық қордан 6 трлн теңге алуға ниеттенуде деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы ınbussines.kz. сайтына сілтеме жасап.

Ашық талқылауға шыққан заң жобасында 2025, 2026, 2027 жылдары қордан жыл сайын 2 трлн теңгеден алып отыру жоспары жазылған.

Болжам бойынша, аталған кезеңде Ұлттық қорға мұнайдан жылына 2,27 трлн теңге шамасында табыс түседі. Дегенмен алынатын сомма мен болжамды түсімнің арасында айтарлықтай айырма жоқ.

Оның үстіне ел тарихында мұнай түсімінен шашау шығармай, Ұлттық қорға артығымен қол салмаған премьер-министрлер санаулы ғана болды. Бұл жолғы үкімет бастамасы нені аңғартады, сарапшылардың ойы қандай?

Минусқа жақын министрлер

Сонау 2010-жылдардан бастап үкімет «енді Ұлттық қордан басы артық ақша алмаймыз» деген сарындағы мәлімдемелерді жиі таратып жүретін. Алайда іс жүзінде олай болмады. Мәселен, Ұлттық қорға былтыр мұнайдан 4,56 триллион теңге түскен. Инвестициялық кірістілік 11,38 пайызға жетіп, рекорд орнады. Ал бюджетке қордан 4,1 триллион теңге алынды.

Түсіммен салыстырғанда плюс 460 млрд теңге айырмашылық бар. Дегенмен осы оң үрдісті үкімет әрі қарай жалғастыра ала ма? Кейінгі онжылдықты қарасақ, сенім аз. Кезінде премьер-министр болған Серік Ахметов қана бюджетке көп қаржы алмай, 2013-2014 жылы екі жыл қатарынан Ұлттық қорды плюске (2 трлн теңге, 1 трлн теңге) шығарды.

Ал одан соң не болды? 2018 жылғы 600 млрд плюсті айтпағанда, 2015-2021 жылдарда Ұлттық қор тек минусқа кетумен (әр жылдары 800 млрд-3,3 трлн теңге арасы) болды. Әсіресе, үкіметті Асқар Мамин басқарған тұста шығын орасан.

Бәлкім оны пандемияға тұспа-тұс уақытта отырғаны үшін ақтауға болатын шығар, алайда А.Мамин ол кезең басталмай тұрған 2019 жылы-ақ мемлекеттік бюджетке мұнай түсімімен салыстырғанда 220 млрд теңге артық ақша тартып, тиімсіз қадамға барды.

Кейінгі жылдардағы оң өзгерістің себебін мұнай бағасының тұрақты болып тұрғанынан іздесек керек. Оның үстіне артық бюджет шығындарын қысқарту бойынша тапсырма бар. Енді биыл көрсеткіш тағы да жақсы болар деп үміттейін десек, келесі мәселелер жол тосып тұр.

Су тасқыны ақша алуға сылтау болуы мүмкін

Биыл көктемде елдің 10 өңірінде су тасқыны болғаны белгілі. Жан-жақтан жинаған көмекті айтпағанда әкімдіктер мен үкімет біршама шығындалғанын айтып заржақ болды. Жүздеген млрд қаржы тасқынның зардабын жоюға бағытталды.

Әрине, бұл жайсыз жайт үкіметтің бір бүйірінен түртпей қоймайды. Алдағы уақытқа жоспарлаған қаржының кей бөлігі жырымдалғаны анық. Енді не істемек? Бұндайда үкімет бұрынғы үйреншікті әдетіне салып, екінші жартыжылдықда Ұлттық қорға сұрау жолдап, жәутеңдеп қарауы мүмкін.

Толықтыра кетер болсақ, бұлай күмәндануға екі фактор бар. Біріншіден, биыл бірінші тоқсанда салықтық жоспарлар толық орындалмай қалды. Екіншіден, Halyk Finance сарапшыларының есебінше, биыл қаңтар-наурыз аралығында Ұлттық қордың 1,4 трлн теңгесі жұмсалып кеткен.

Жалпы, ел билігі биыл 3,6 трлн теңге трансферт бөлінеді деп жоспарлаған. Былтыр ұлттық компания акциясын сатып алуды қосқанда Ұлттық қордан барлығы 5,3 трлн теңге алынған екен. Бұған дейін Президент 2030 жылға дейін Ұлттық қордағы қаржыны 100 млрд долларға жеткізуді тапсырғаны есімізде.

Егер үкімет біз айтқандай Ұлттық қорға көз аларта берсе, тапсырма орындалмай қалуы мүмкін. Оның үстіне қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын жыл сайын 18 жасқа дейінгі балаларға аударып отырғанын ұмытпаған абзал.

Әрекетсіздікке алып келген көзқарас

Қазір еліміздің Ұлттық қорында 60 млрд долларға жетпейтін мөлшерде қаржы бар. Бұл Қазақстанның Ұлттық қоры аса мол емес, сондықтан оған көп қол сала беруге болмайтынын аңғартады. Экономист Абзал Нарымбетов те үкіметтің көп нәрсеге бейжай қарайтынын алға тартып отыр.

– 2014 жылы Ұлттық қордағы қаржы 70-75 млрд доллар шамасында болып, ең бір шегіне жетті. Бірақ одан бері қарай Ұлттық қорға түсімнен қарағанда, ақшаның алынуы көп. Соның кесірінен ақыры қазіргі деңгей 55 млрд доллар жобасында тұр.

Неге екені түсінікті, өйткені табысымыздан қарағанда жаратуымыз көп. Қорды тепе-теңдікті ұстап тұрушы механизм ретінде ғана қарап келеміз. Үкімет «мемлекеттік бюджетте дефицит болып жатса қордан ала саламыз, не болмаса Зейнетақы жинағы бар» деген көзқарасқа үйренген.

Бұның бәрі әрекетсіздікке алып келеді, яғни, экономика тұтас дамымайды. Альтернатив көп, ол жолдарды жауып тастасақ қол қусырып қалар еді. Жаратуымыз жыл сайын көбейіп жатқаны айдан анық. Жеке адамның жаратуы көп, табысы аз болғандығы секілді мемлекеттік масштабта да осындай жағдай бар. Оның ақыры ұлттық қорға қол сұға беруге алып барады, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, Норвегия, Катар, Сингапур тәрізді елдердің ұлттық қорға қатысты басты мақсаты – ақшаның құнын көбейтіп, болашағы бар жобаларға салып, табысты артты беру.

Аталған елдер қорын тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, дефицитті жабу үшін пайдаланбайды. Соның арқасында сақталған қаржы трлн доллардан асуда, мәселен, жақында Норвегияның қорындағы ақша 1,6 трлн долларға жетті. Бұл көрсеткіш көбейе береді, себебі олардың әуелдегі мақсаты келешек ұрпаққа қомақты қаржы қалдыру болған.

– Қазақстанның ұлттық қорында бюджеттегі тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған тетік бар. Соны алып тастағанда жөн болар еді, бірақ оны іске асыратынына күмәнім бар. Егер аталған тетікті алып тастаса, үкімет лезде тығырыққа тіреледі. Сондықтан ол саяси шешімдерге тәуелді мәселе, – деп түйіндеді Абзал Нарымбетов.

Фото интернеттен алынды.