«Қазақ Димаштың өнеріне мұқтаж емес»
Белгілі актер Қайрат Әділгерей Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында қазақ халқының музыкалық талғамы мен продюсер Бағым Мұхитденованың Димаш Құдайбергенді сынағаны туралы пікір білдірді.
«Талантты танымай жатыр деген сияқты әңгімелер ғой. Бағым Мақсатқызы емес Димашты танымай отырған. Жалпы қазақ қазір Димаш биікте жүрсе де, әлі танымайды. Димаштың өнеріне мұқтаж емес. Неге? Өйткені біздің музыкалық сауатымыз, деңгейіміз жоқ. Қазақты әлемге танытып жүрсе де Димаштың деңгейіндегі музыка тыңдайтын халық аз.
Себебі сауатсыз әншілер құлақты бітеп тастаған. Соларды, жеңіл әндерді дәріптейді бізде. Ал егер радио, телевидениеден симфониялық, жақсы фирмалық әндерді тыңдата берсек, жұрттың музыкалық деңгейі өсер еді. Сонда олар таланттың бағасын білер еді. Талғамды қалыптастыратын – өнерпаздар», — дейді актер.
«Димаш Димаш болғалы Бағымға күйе жағылды. Ал егер Димаш әлі де ауылда жүретін болса, Бағымның айтқан сөзін ешкім елемес еді», — дейді ол.
Фото ашық дереккөзден алынды.