Қазақ діннің емес, мықты рухының арқасында ұлт болып сақталып қалды

0
678

Діни тақырып менікі емес. Дегенмен де кейбір стандартты ойлау жүйелері менің іштей қарсылығымды туғызып отырады, сондықтан өзімше бір пікір айтайыншы дедім. Мүмкін менікі қате болар, сонда да.

Мысалы сібір халықтары исламды қабылдаған жоқ, тәңіршілдік дінінде болды, сондықтан да олар тез орыстанып кетті деген ой тықпалана береді. Расында да солай ма?

Исламның алғаш жарыққа шыққан жері — араб түбегі дедік. Суға лақтырылған тастан тараған толқындар шеңбер жасап жан-жаққа таралады да, неғұрлым орталықтан қашықтаған сайын толқынның күші әлсірей беретіні сияқты діннің де орталықтан қашықтаған сайын күші әлсірей беретіні анық.

Егер сібір халықтарына ислам дінінің дүмпуі жетпесе ол жердің қашықтығынан меніңше. Егер сібірге ислам діні жетпесе, одан көрі орталыққа жақындау қазақ жерінде де исламның қатты өркендеп кеткені шамалы. Ол да әртүрлі.

Мысалы солтүстік аймақтарда дін әлсіз болса оңтүстік қалаларында біршама дамыған, т.с.с. Ал өзбек жеріне өткен сайын діннің ықпалы күшейе түседі. Иран мен Иракта тіпті күшті деген сияқты.

Айтқым келгені — бұл жерде діннің еш қатысы жоқ меніңше. Олар орталық отарлаушы күштерге жақын болғандықтан ғана (тағы бір суға лақтырылған тас деңіз) тезірек орыстанды деп ойлаймын. Қазақтар да формальды түрде ислам дінінде болғанымен негізінен бұрынғы салттарында қалды.

Әлі күнге дейін әруақтарға сыйынып отқа табынатынымыз өтірік емес. Егер біз сібір халықтарындай орыстанып кетпеген болсақ, соншама жерді сақтап қала алған болсақ, онда оған қарсы тұрған ислам діні емес, қазақтардың рухы, беделі, бұрынғы абыройы деп ойлаймын. Таратып жазайын.

Біріншіден, қазақтар саны жағынан көп халық болды. Сібір халықтары сияқты азғантай топ емес. Бәлшебиктер, геноцид, ашаршылық, сәбет үкіметі құртпағанда одан да көп болатын едік.

Екіншіден, бұрынғы жауынгер халық. Алтын Орданың тікелей мұрагері. Отқару шықпай тұрғанда ешкімге дес бермеген. Ә дегенге мә деген. Келсең кел деген халық. Оны отарлау оңайға түспеген.

Үшіншіден, тәрбиесі мықты. Рулық жүйесі құрыштай берік. Бірі үшін бәрі тұрады. Іштей барымта-сарымта болғанмен де сыртқы жауға келгенде бірігіп кетеді.

Мысалы Түркістан жау қолында қалды деген хабар жеткенде кішіжүз қазақтары барып қалмақты түре айдап шыққаны соның дәлелі («Сауран айналған» деген термин адайлар мен жағалбайлылар арасында әлі күнге дейін сақталған. Әнес Сарай, Адай тарихы.).

Төртіншіден, бесіншіден… сөйтіп кете береді.

…Аузы түкті орысты,

Ерлерім айдап келген жер,

Қысырақтай бөлген жер… деп Мұрат Мөңкеұлы бекер жырлаған жоқ, керек десеңіз олар тіпті орыстарды менсінбеген, адам қатарына қоспаған. Кәзір ғой, олардың құтырып өздерінше кісі болып жүргендері.

Тағы бір клише — тәңіршілдік дін емес деп соғады. Неге? Өйткені кітабы, мешіті жоқ көрінеді. Ой оттайды-ау… Жарайды, бұл туралы басқа постта жазармыз. Әрине, қатты ұрыс естіп қалып жатпасақ… әсіре діншілдер тарапынан…

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ,

азаматтық қоғам белсендісі.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.