«Қазақмыс» кен орындарын ресейлік компаниялар сатып ала ма?

Әлеуметтік желіде «Қазақмыс» компаниясы сегіз кен орынын шетелдік инвесторға сатқалы жатқаны туралы сыбыс қылаң бергеніне біраз болды. Өз кезегінде сирек кездесетін металдар кен орнына бай отандық компания мұны жоққа шығарып, түсініктеме беруге мәжбүр болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қазақмыс» өз кен орындарын сатып жатқан жоқ, онда да ресейлік компанияларға берген жоқ, Қазақстаннан сирек кездесетін металдарды экспорттамады да». Осылай деп мәлімдеме жасаған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның ресми өкілі Арман Тлеукенов өздерінің ақпараттық шабуылмен бетпе-бет келіп отырғандарын жеткізді:
«Біздің компания ешқандай фактіге негізделмеген ақпараттық шабуылға тап келіп отыр. Компания мұндай ақпараттарды жоққа шығарып, бірнеше мәрте түсініктеме беруге мәжбүр болды».
Мұның сыпсың сөзден аналитикалық былшылға айналғанына аң-таң корпорация өздеріне жасалып жатқан ақпараттық шабуылға не түрткі екенін білмейтіндерін де нақтылайды.
Негізінен, «Қазақмыс» пен «Қазмырыштың» сатылып кету қаупі барын бажайлап, дабыл қаққандардың бірі — қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов болатын. Ол бұл ретте шұғыл түрде стратегиялық активтер агенттігін құруды ұсынған.
«Алдымен Трамп Украинадағы сирек кездесетін материалдардың 50%-ын сатып алу туралы келісімді алға тартты. Одан кейін тағы бір жиналыста Трамп Ресейдің сирек кездесетін ресурстары туралы сөз қозғайды. Сол-ақ екен Ресей жұлып алып, демде кеңес өткізеді. Ол арада Ресей президенті АҚШ-пен бірге ресейлік сирек кездесетін металдары игеруге дайын екенін мәлімдейді. Айта кетейін, негізі, Қазақстанда ондаған ірі ресейлік жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істеп жатыр. Бұдан, өз басым, мынандай екі қорытынды шығарамын: біріншіден, шұғыл түрде стратегиялық активтер агенттігін құру керек немесе ҰҚК+ Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі мен Қаржы министрлігіне (ҚМИП) стратегиялық активтерді қатаң қадағалауды жүктеу қажет. Қауіпсіздік Кеңесі немесе Парламент арқылы осындай активтерді сатуды мақұлдату шарасын бекіту керек. Екіншіден, шетелдіктер, онда да орыстар «Қазақмыс» пен «Қазмырышты» сатып алуға тырысуы мүмкін. Өйткені Ресей Федерациясына қазір меншік деңгейін және кіммен келіссөздер жүргізу керектігін көрсету үшін бақыланатын нарық көлемін ұлғайту өте маңызды. Бұл арада мына жақтан қытайлық компаниялар да шығып, Ресей Федерациясымен бәсекелесуге тырысуы мүмкін. АҚШ-тың өзі мұнда келіп жатпайды, олар үшін сирек кездесетін металдарды тауып, апарып беретін орыстар мен қытайлар бар», деп жазған еді 25 ақпанда маман желіде тұспалдап.
Расында, қазір Менделеевтің периодтық жүйесіндегі 17 элемент бүгіндері геосаяси шиеленістің көзіне айналып отырғаны өтірік емес. Әсіресе, ол әлемдегі екі ірі держава – АҚШ пен Қытай текетіресі барысында ушыға түсуде. Қытайға жол бергісі жоқ АҚШ-тың тура осы сирек кездесетін металдарға келгенде аспан асты еліне күні түсіп тұрған жайы бар. Өйткені Америка тұтынатын бұл шикізаттың 70 пайызы Қытайдан келеді. Экономикалық соғыс жағдайында Бейжің мұндай ықпал тетігін ұтымды пайдаланып бағуда. Сол себепті АҚШ ах ұрып, жан-жақтан сирек кездесетін металдарды жанталаса іздеуге кіріскен. Осылайша басталып кеткен үлкен геосаяси тақтадағы «ойынға» аталған минералдар түріне бай біздің ел – Қазақстанның да қаласа да, қаламаса да ақырындап тартылып жатқан жайы бар. Осы жағынан алғанда, барлық дамыған елдердің мұнайдан кейін өндірісі өте күрделі осы шикізат тұтынысына деген сұранысы арта түсетін секілді. Бұл да Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Өз жер асты байлығын өзгеге беріп қоймай, өзі өндіре алса, әрине…
Сирек кездесетін металдар қайда қолданылады?
Ол жоғары технологиялық өнімдер — электрлік және электронды компоненттерді, сондай-ақ лазерлер, шыны мен керамиканы жасау үшін қолданылады. Ең алдымен, ол тұрақты магниттер өндірісінде керек, ал бұл магниттер томографиялық, ғарыш аппараттарында, қатты дискілерде, сапалы динамиктерде, соның ішінде смартфондар мен теледидарларда, сондай-ақ Tesla 3, Tesla Y және Cybertruck сияқты электромобильдердің қозғалтқыштарында қолданылады . Idtechex есептеулері бойынша, әлемде өндірілетін барлық сирек металдардың шамамен 30%-ы тұрақты магниттер жасау үшін пайдаланылады. Бұл шикізаттың тағы бір ірі тұтынушысы — шыны өнеркәсібі. Фармацевтикалық шыны, оптикалық линзалар және ультракүлгін сәулелерден қорғайтын шыны жасау үшін қолданылады. Сирек кездесетін металдар шикі мұнайды бензин мен реактивті отынға айналдыруға қатысатын катализаторларды жасау үшін де қажет. Сондай-ақ күрделі әскери техника үшін: GPS жүйелері, спутниктер, атқыш қозғалтқыштары және сенсорларда, зымырандарда қажет. Әдетте, әскери техника неғұрлым жетілдірілген болса, соғұрлым оған сирек кездесетін металдар қолданылады. Ғалымдар сирек кездесетін металдарды жаңартылған энергия көздері — жел турбиналары мен күн панельдері өндірісі, сондай-ақ АЭС құрылысы үшін өте жоғары сұранысқа ие шикізат ретінде атайды.