Қазақстаннан «Родина» жасауға болар еді

0
378

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қай басшының болсын Қазақстаннан Родина жасауға болар еді. Әлі де кеш емес, бірақ біздегі билік — керең, мылқау, соқыр. Ал қазақтар той тойлап мәз.

Бірдеңе десең: “Тойға шашылмағанда қайтеміз? Той — қазақтың қазынасы”, — деп шығады. Шашыла бер. Бірақ қонақтарыңа бастан-аяқ қырғыздың сапасыз тігіле салған астарсыз камзол-шапанын таратпасаң, ешкімнен қарызданып-қауғаланбасаң, кредитке ұрынбасаң, міне, той!

Той деген — тамаққа ғана емес, көл-көсір көңілге тою, ырду-дырду біткен соң арқаңа қарыз батпай тыныш ұйықтау. Менің түсінігім бұл.

Мен естігелі бері Қазақстанымның Родина болуын аңсаймын. Ал қазақтар түрлі діни сектаға бөлініп қырылып жатыр. Мұсылман болуды алдымен араб болу деп түсінетін қазаққа сөзің өтпейді.

Шатынап шыға келетін көзінен кектен басқа түк көрінбейтін жаны күйзеліске толы ондай қазаққа кейде жаным ашиды да. Көзге көрінбейтін құрсаудың ішінде қалған өйткені. Жазылмаған ережемен өмір сүретініне өзі де шаршаған, бірақ соны мойындайтын қауқары жоқ. Қаралмаған қаулыға бағынады, өз заңы бар, бірақ өлдім де қазақ болғысы жоқ адамдар…

Инстаграм әлеу.желідегі әлем-жәлем әлем. Абай Бегейдің “аяқ астынан” байға тиіп кеткен қызының тойы. Ешкімге айтпай “тұтқиылдан” күйеуге тиген қыз болса да барын көрсетіп, дүниесін шашып жатқан жас шешесі, сол үйдің келіні, сол үйдің қызы, күйеуге тиіп жатқан қыздың өзі бірімен-бірі жарысып дүние-байлықты көрсетіп-ақ жатыр.

Өмірлері таусылып бара ма, тегі, сол сәт, сол уақытта минут-секундттан кешікпей желіге жүктеп жатыр, жүктеп жатыр. Көз алдыма қолынан телефоны түспей, құнжыңдап телефоннан бас алмай, кішкентай қораптың үстіне жатып алған кілең тұмшаланып оранғандардың той үстіндегі кейпі елестеді.

Дастарқан сыйлау ұғымы жоқ екен-ау оларда. Одан кейін дүйім жұрттың көзінше жайылған көрпешеге аунап жатқан әнші мен жас қатыны. Міне, саған қолдан жасап алған келеңсіз салт, жабайы көрініс, қазақтың қазіргі қазынасы.

Мұсылмандықтың шегі де көлгірсіп мақтану ма деп қалдым. “Күтпеген жерден” күйеуге тиген қызға аз уақытта төгіліп-шашылып той бере аламыз, асықпай тиетін қызға беретін тойымыз қандай болатынын шамалай берің” деген қыры ма екен “мұсылман” жас әйелдің, кім білсін.

Қала ортасында көлік жүргізіп келе жатқан күйеу жігітке орынсыз жармаса берген оранған қызға ескерту жасайтын үлкеннің неге “қолы тимейтінін” түсіндім, есесіне.

Жатын бөлмені мейлінше ешкімге көрсетпеуші еді. Қоймай-қоймай жатын бөлмесін көпке көрсетіп есі шыққандардың көбінің жұбайылық ғұмыры қысқа болғаны…

Ақыл айтар естің болмаған соң қызыл-жасыл дүниең кімге керек мақтанған? Ауру баласына айналып не жұмыс істей алмай, не серги алмай тұрмыстың тауқыметіне жанын таптатқан қаншама қазақ отбасы бар.

Сондай адамдардың жанын тырнағандай болып желіге жарыса жүктеп дүниеңді көрсеткенің мұсылманшылықтың қай түріне жатады екен деген ой да келді бір сәт…

Той жарыс жасап есі ауған қазақтар Қазақтың жерінде ертегідей әлем барынан да хабарсыз шығар. Ал мен Родинаның тұрғындарымен әңгімелескім келген…

Родинада бей-берекет үй сатылмайды, Родинаға он жерден сүйенер иегің мықты болса да, көшіп бара сала алмайсың… Ал мен Қазақ жерінің әр ауылы Родина болғанын қалар едім. Әй, қайдам, дәл біздің қазақ тап сол Родинаны тудырған неміс (ұмытпасам) азаматындай бола алмайды-ау…

Шетелде тұруды бар қазақ аңсау да сәнге айналған. Кредитке билет алып, “пәленнен қалмайын, түгеннен нашар ма едім, сол көріп қойды” деген ойдың жетегімен кетіп Дубайшылап, Америкалатып жүрген қазақ қаншама! Ал мен Қазақ жеріндегі Родинада тұрғым келеді…

Қазақстаннан Родина жасау оңай болатын. Бірақ… Басқада болса да ағайынында болмасын, ауылдасында болса да іргедегі көршісінде болмасын деген іштарлығы басым қазақпыз. Қазақстанды Родинаға айналдыруға ықылас-пейіліміз жоғы да содан!

Пы.Сы. Родина — Астанадан жүз шақырым қашықта жатқан тұрғыны қайыршылықтан ада, жұмыссыздықтың не екенін білмейтін ауыл.

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.