Қазпошта 12,5 млрд теңге шығынға батқан

0
41

2022 жылы “Қазпошта” 12,5 миллиард теңге көлемінде шығынға батқан. Бұл туралы ұлттық пошта операторының басқарма төрайымы Әсел Жанасова мәлімдедідеп хабарлайды Dalanews.kz.

“2022 жылы “Қазпошта” 12,5 миллиард теңге көлемінде шығынға батты”, – деп жауап берді Жанасова сенат депутатының сұрағына.

Оның айтуынша, хаттар мен газеттер сияқты корреспонденцияның көлемі әлем бойынша жыл сайын 20%-ға қысқарып келеді.

“Әлемде көптеген пошта операторлары шығынға ұшырап, дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Тіпті биыл кейбіреуі жабылып, жекешелендірілуде”, – деп қосты Жанасова.

Еске салайық, бұған дейін «Қазпошта» АҚ Басқармасының төрағасы Әсел Жанасова өзінің қанша жалақы алатынын айтқан еді.

Ол қолына таза тиетіні — 1,2 млн теңге екенін жеткізді.

Елімізде пошташылар орта есеппен 160 мың теңге айлық алады. Ал шалғай ауылдарда, тіпті одан да аз. Мұның себебін Әсел Жанасова былай түсіндірді:

«Пошта дегенде, бұл тек пошташылар ғана емес. Бізде жүргізушілер, сұрыптаушылар, операторлар да жұмыс істейді. Олардың жалақылары әртүрлі. Пошташылары жартылай ставкада жұмыс істейтін аймақтар бар. Олар қосымша жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Мысалы, сұрыптаушы түнде үшінші ауысымға жұмысқа шығады делік. Ол бір айлық жалақының үштен бір бөлігін алады. Осы жағынан алғанда, біздегілер аз жалақы алатын сияқты көрінеді, бірақ іс жүзінде оның үш-төрт жұмысы болады», — деді Әсел Жанасова.

Ол ұйымның жыл сайын жалақыны көтеріп отыратынын баса атап өтті.

2023 жылы ауылдық өндірістік персоналдардың жалақысы 25% — ға көтерілген. Биыл тағы 15%-ға өскен. Негізінен поштада әйел адамдар жұмыс істейді, шамамен — 85%. 2022 жылы өңірлердегі пошташылардың орташа айлығы 90 мың теңге болған.