Келесі президент Тасмағамбетов болуы мүмкін бе?

0
441

Қазіргі президент Тоқаевтың жеті жылдық мерзімі орта тұсына жақындаған сайын, истиблишмент пен саясаттанушылар «Иманғали Тасмағамбетовте президенттік амбиция қалды ма?» деген сұраққа жауап іздеуде, — деп хабарлайды Dalanews.kz Dala Inside-қа сілтеп.

Дерекке сүйенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға айқын белгі берді. «Еуразиялық кеңістіктегі тұрақты даму және қауіпсіздік» конференциясында ол тағы да президент өкілеттігі бір ғана 7 жылдық мерзіммен шектелетінін еске салды.

Яғни, Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта сайланбайды және өкілеттілігін ұзарту үшін қитұрқыларға бармайды. Бұл посткеңестік елдерде өте сирек кездесетін құбылыс. Қазақстан бұл жағынан шынымен де алға шығып отыр.

«Осыны пайдаланып өз кандидатын дайындап жатқан топтар бар екені жасырын емес. Үлкен қызға қарасты топ Санжар Боқаевты, тағы бір «кішітүркі» конгламераты Мұхтар Жәкішевті дайындауда.

Ресей өзіне ыңғайлы президент қою үшін Иманғали Тасмағамбетовпен бұл мәселе бойынша әлі талай ақылдасатыны анық», — дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Арна мәліметінше, Иманғали Тасмағамбетов 2017 жылы Ресейге елші болып барғалы бері, сол елдің олигархтары мен шенеуіктерімен өзара тіл табысып, өз бизнесін жақсы жолға қойған болатын.

Қазір оның негізгі табыс көзі Ресеймен тығыз байланысты. Осы себепті, орыс әлемін жақтайтын саясаткер ретінде Ресейдің ыңғайына келетін тәтті мәлімдемелер жасап, Кремльге әдемі жағына білді.

Ал ОДКБ құлағын ұстағалы бері Тасмағамбетов тура Путин мен Лукашенко сияқты «Ұжымдық Батыс қауіп төндіріп тұр. АҚШ, Еуропамен күресу керекпіз» деген сарында қайта-қайта сөз сөйлеп, оның ақыры Тоқаевтан сыпайы ескерту алуымен аяқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Минскте өткен ОДКБ саммитінде «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған.

Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді.

Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс, – деп, бұл сөзді нақты Тасмағамбетовке арнап жеткізген.

«Қазақстандағы ең ірі электорат – қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын қазақтар. Олардың барлығы 2010 жылдары Тасмағамбетовке 100 пайыз дауыс беруге дайын болды. Енді оның Қазақстан мүддесінен алыстап, Ресейге тым беріліп кеткенін көргендіктен, қазір ешкім қолдай қоймайды», — дейді, дереккөз.

Арна Кремль өзінің әкімшілік ресурсымен Тасты президент қылып қоя ала ма? Көп нәрсе Кремльдің Тас үшін қаншалықты жанкештілікке баратынына байланысты деп болжады.

Себебі ол Таспен шектеліп қалмай, басқа да канидаттармен сөз байласатыны заңды. Және қай үміткердің шансы жоғары, соны таңдап кетуі де ғажап емес.

«Мәскеудің негізгі арманы, Қазақстанға ресейшіл басшы әкеліп, Ресей-Беларус-Қазақстан одақтас мемлекетін құру. Бірақ ресейшіл кандидатты қазақ халқы қолдамай қойса, ол жоспарды іске асыру мүмкін болмайды.

Иманғали Нұрғалиұлы биыл қыста 68 жасқа толады. Анау айтқандай жас та емес. 2025 жылдың аяғында оның ОДКБ бас хатшысы ретіндегі өкілеттілігі аяқталады», — дейді дереккөз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.