«Келіннің қайынжұрты» деу — өрескел қате сөз» дейді тіл маманы

Танымал журналист, тіл маманы Назгүл Қожабек қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыпқа қатысты пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Соңғы бір аптада қазақ қоғамында продюсер Баян Есентаеваның «келіннің сәлем салуы — жабайылық» деген сөзіне қатысты қызу ікірталас жүрген еді.
Осы пікірталас барысында ата салт-дәстүрімізді дәріптейміз, қорғаймыз деген кейбіреулер атадан балаға қалған кей сөздерімізді қате қолданғанын байқамауда.
Мәселен, кейбіреу өз пікірінде «келіннің қайынжұрты» деген қате тіркесті қолдануда. Осыған байланысты тіл маманы Назгүл Қожабек:
«Сәлем, келін» тақырыбын қаузаймыз деп, аса маңызды бір нәрсені бұзып алдыңыздар.
Қазақта келіннің қайын жұрты болмайтынын ұмытып кетіп, «қайынжұрт, қайынжұрт» деп ұрып жатырсыздар.
Келіннің қайын жұрты емес, «барған елі» не «келген елі» аталады.
Барған елі деп келіннің артында қалған төркіні айтады: «қызымыздың барған елі» дейді.
«Келген елім/жерім» деп келіннің өзі айтады. Келін деген сөздің өзі «кел» дегеннен шыққан.
Қайын ата, қайын ене демейді, қазақ жай ғана «ата/ене» дейді, содан-ақ түсінікті болатын. «Қайынаға, қайны, қайынсіңлі» дегенді алға тартып, қайынжұрт деудің керегі жоқ.
Жөн түгендесек, жөнімен түгендейік те» деп жазды.
Фото көрнекілік үшін.