«Келіннің жақтырмай берген шайын ішкенше, қарттар үйіне кеткенім — дұрыс» дейді Гүлжахан апа

Бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков «ата-аналарын қарттар үйіне өткізген балалардың жалақысының жартысын кесу керек» деген сыңайда ұсыныс жасаған болатын.
Депутаттың осы ұсынысына байланысты әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерді сүзіп шығып, қала берді Алматының үлкен саябағында бірнеше кісіні сөзге тартып көрдік.
«Мәжілісте сөз етерлік басқа дүние құрып қалды ма? Мәселенің бәрі бітіп, тек қарттар үйіне ата-анасын өткізу туралы проблема ғана қалды ма? Қарттар үйіне барудан зәрезап болып қорқатындар баласына әу бастан дұрыс тәрбие берсін.
Тәрбие тізгіні мықты баланың ешбірі ата-анасынан бас тартпас. Ал ата-ана берген тәрбие мен мемлекет тарапынан берілетін қолдау бірікпейінше, мың жерден жалақысын кессе де, қарттар үйі қарияларға толғаны — толған.
Тұрақты жұмысы, өз баспанасы жоқ, әрең күнелтіп жүрген бала ата-анасына қарай ма, өзін асырай ма? Депутат әуелі жастарға жағдай жасасын, сосын қарттар үйінің мәселесін сөз етсін», — дейді 66 жастағы зейнеткер апамыз Биғайша Алтынбекқызы.
Ал 43 жасына дейін дипломымен тұрақты жұмыс таба алмай, пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрген Нұрбек есімді азамат: «Ата-анамызды қараусыз қалдырғымыз келмейді ғой.
Алайда аштан қалмас үшін, жан бағуға сонау Қызылордадан Алматыға ерігіп келмедік. Кәрі әке-шешем қара шаңырақта қалды. Оларды қасымызға алғым-ақ келеді. Бірақ…
Өзім екі бөлмелі «времянкада» күнімді әрең көріп жүрмін. Меніңше осылай кете берсе, алдағы уақытта қарттар үйінде қарияларға орын болмайды.
Әкем инсульт алған, өзі жүріп-тұра алмайды. Бәрін тастап, олардың қасына кетейін десем, жұмыс жоқ, ақша жоқ. Мектеп жасындағы екі баламды өсіріп, жеткізуім керек. Үйдің жалғыз ұлымын. Екі әпкем бар. Олар да балаларын жеткізем деп, өз күнін әрең көріп жүр. Білмеймін, қалай етсе, дұрыс болатынын», — дейді.
Қарттар үйіне барудан қорқуды «білімсіздік, ақымақтық» деген 49 жастағы Гүлжахан Қарабаева: «Екі балам бар. Екеуіне де күн сайын айтып отырамын. «Егер есімнен адасып, алжып қалсам, ештеңеге қарамай, бірден қарттар үйіне апарыңдар.
Ал ақыл-есім өз орнында тұрса, сендерді үйлі еткен соң, өзім қарттар үйіне кетемін» деп айтамын. Менің бұл сөзіме жалған намысқа тойып алған замандастарым шоқ басқандай ыршиды, тулап, ашуланады.
Ау, айналайындар-ау, ауру-сырқауы бітпейтін жаста келін мен күйеубалаға жексұрын болғанша, олардан алыста жүргеннің несі жаман? Жастық шағында емін-еркін, ойнап-күлуге қақысы бар ұл-қызыңа қалт-құлт етіп, мені бағасың деу — қиянат емес пе?
Қартайған қай кемпір-шалды көрдің, томаға-тұйық, момақан күйде, бергенін ішіп-жеп отыратын? Ешбір қарияның өзінен кейінгі жастарға көңілі толған емес, толмайды да.
Ал күйеубала мен келінің ешқашан шал-кемпірді шын ықыласымен жақсы көрмейді. Жақсы көрген сыңай танытады амалсыз.
Алайда, бәрі өтірік, бәрі екіжүзділік. Қартайған ата-енесіне 100 келіннің әрі кетсе, екеуі шын көңілімен қарайтын шығар. Ал қалған 98-і ата-енесіне елпілдеп, шын көңілден қарауы — ертегі дер едім.
Сол себепті 40 жастан асқан соң, әркім қартаю белесіне шыққанын мойындап, ұл-қызының аяғына оратылмай, өз жөнін тапқаны жөн деп санаймын. «Баланы мен тудым. Мені бағуға тиіс» деген пасық ойдан арылуымыз керек. Себебі сен ол баланы өз қара басыңды ойлап тудың.
Бала саған «мені тушы, мен саған қараймын» деп өтінген жоқ. Олай болса, неменеңді міндет етесің? «Қазақпыз, аталарымыз пәлен-түген» деген бос сөзді қояйықшы.
Қазақтың ата-бабасы қарттар үйіне баратындай пәтер жалдап, макарон жеп, ашқұрсақ күн кешпеді. Сол себепті де ол заманда «қарттар үйі» болмады. Ал қазір бәрі басқаша.
Үйір-үйір жылқың, отар-отар қойың жоқ, орыстың тауықкепесін жалдап, күніңді әрең көріп жүрген балаңа не деп міндетсінесің? Балаңа жаның ашыса, балаң алаңсыз өмірін сүрсін десең, аяқтарына оратылма, бітті. Сыртынан күліп, ішінен тілдеп берген келіннің бір кесе шайын рахаттанып ішу мүмкін бе?
Ондай бейшаралықтан гөрі, қарттар үйіне кету әлдеқайда дұрыс емес пе?» — дейді.
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Фото көрнекілік үшін.