Қоғамда діни мәселенің ушығуына қай министрліктің ықпалы басым?

Билік органдарында саяси сананы діни санамен алмастыру процесінің күшейгенін төменде баяндалатын оқиғадан көреміз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамындағы «Анализ және ақпарат орталығының» жауапты қызметкері Нағима Туматаева ФБ әлеуметтік желісінде пікірін жариялады. Онда ол Украина президенті Зеленскийді «неблагодарный актер», «умник-еврей» және тағы басқа жағымсыз сөзбен сипаттады. Ал Украинаға қарсы басқыншылық соғыс салған Ресей президенті Путинді «Путин человек от бога….» деп жазды (скринді қараңыз).
Қазақстанның мемлекеттік қызметкері Н.Туматаеваның бұл сөзі «зікіршілердің» пірі Исматулла тақсырдың Путинді «Пөтенжан» деп дәріптеп, оны Махдиге (шиғалардың түсінігі бойынша, көктен Иса түскенде, жер астынан Махди имам шығып әлемде әділдік орнатады…), кейде Путинді Махдидің ұлына теңеген сөзіне ұқсайды.
Ал Н.Туматаеваның Зеленскийге қарсы айтылған сөзі Укранина президентін ұлтына қарап кемсіткен Зікірия Жандарбектің сөзімен үндес. Әрине, ҚР Конституциясы бойынша, азаматардың саяси көзқарасы мен наным-сеніміне (дінге) бостандық берілген.
Дегенмен, министрліктің жауапты қызметкері Н.Туматаева ұлт араздығын және дін араздығын қоздыратын пікір айтуға қақысы жоқ. Мұндай адамға ҚР ҚК-нің 174-бабы бойынша 7 жылға дейін жаза көзделген.
«Демос» ұйымының төрағасы Тұрарбек Құсайынов Н.Туматаеваны кем дегенде мемлекеттік қызметкер этикасын қасақана бұзғаны үшін жазалауды сұрап министр Аида Балаеваға арыз жазды.
Арызға Ақпарат комитетінің төрағасы М.Раханов жауап беріпті. Ол Н.Туматеваның әлгіндей пост жазғанын, посты қазір өшіріп тастағанын мойындаған.
Қазір Н.Туматаева декреттік демалысқа шығып кетіпті, сондықтан министрліктің «қызметтік тексеру жүргізуге мүмкіндігі жоқ» екен.
Сонда қалай болғаны, қарапайым азаматтарды жас сәбиі барына қарамай 174-баппен соттай береді де, министрліктің жауапты қызметкеріне тіпті әкімшілік жаза қолдануға болмай ма?!.
Осыдан бір-екі ай бұрын «арабтардың салт-дәстүрінің қазақ ұлтына жат екенін…» әлеуметтік желіде айтқаны үшін 3 әйелді жас бала бағып отырғанына қарамай әрқайсысын 2 жылға соттап жіберді.
Сол 3 әйелден министрліктің жауапты қызметкері Н.Туматеваның қай жері артық?!. Әлде ол ерекше қасиет қонған әулие ме?!.
Аида Балаева басқаратын министрлікте саяси һәм діни көзқарасқа бірқырындап жатып алып әрекет ететін Н.Туматаева ғана емес.
Вице-министр К.Искаков пен Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов та мүфтияттың адвокаты сияқты имамдардың заңсыз қылықтарын жасыруға тырысатыны, заңға сәйкес оларға тиісті жаза қолдануға құлықсыздығы, еліміздегі көп ұйымның бір ғана саналатын ҚМДБ-ны діни салада әмісе үстем позиция қоюға талпынатыны бұған дейін жазылды.
Министрліктің құрамында Дін істері комитетінің лауазымды шенеуніктері ҚМДБ молдаларын еркінсітіп қоюға құмар. Соның кесірінен мүфтият молдалары мектептерге кіріп кәмелет жасына толмаған балаларға уағыз айтуды әдетке айналдырды, Білім басқармалары Конституция мен басқа да заңдарды аяқасты етіп мүфтият медреселеріне бюджеттен милиардтаған қаржы бөліп отыр.
Діни идеологиялық саланы заңға сәйкес реттеудің орнына құрамында Дін істері комитеті бар Мәдениет және ақпарат министрлігі жағдайды ушықтырып жатыр.
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.