«Көркем мінезден» жұрдай болған мүфтият-ай…

0
466

«Алланың үйіне» ұқсас котеджді видеоға түсірген таксисті кім соттатты? Астананың бас имамы «көркем мінезді» ме?

Мынау «Астананың бас имамының үйі», «төрт әйелі бар..» екен деп видео түсірген таксистке сот 180 АЕК айыппұл салып еді ғой. Алғашында, сот баспасөзге таратқан хабарламасында сотталушыны «Б» деген азамат» деп жасырған, ал таксистің үстінен арызданған «жәбірленушінің» аты-жөнін тіпті атамады.

Сол күндері «Сот кабинетінен» бұл істі іздеп таппадым. «Құпиялаған ба» деген күдік туды менде. Араға уақыт салып қайта қарап едім, сот шешімі жарияланыпты.

707 660 теңге айыппұл арқалған таксист — Алмас Анетулы Базарбаев. Сот қаулысында «жәбірленуші» Е.Н.Жусупов» деп қана көрсетілген.

Сот Жусуповтың толық аты-жөнін жазбаса да, оның Ерболат Нұрылдаұлы екенін біліп отырмыз.

Мүфтиятты алай-дүлей жағдайға жеткізіп, әбігерге салған таксист видеода бас имамның атын атап, түсін түстемеді. Солай болса да, Ерболат Жусупов эфирге атып шығып, «үй менікі емес» деп мәлімдеді, кейін арызқой «жәбірленушінің» кейпіне кіріп алды.

Егер таксист «мынау Бас мүфтидің үйі» дегенде Наурызбай Таганович Утпинов кабинетінен атып шығып мәлімдеме жасар ма еді, соңынан «жәбірлендім» деп сотқа арыз жазушы ма еді?» Әй, қайдам… Ол сотқа қарай — отқа қарай жүгірмейтін сақ әрі әккі ғой..

Видео түсірген таксист өзі ісіне өкініп, бір емес, екі мәрте видео-кешірім сұрады. Соған қарамай Астананың бас имамы Ерболат Жуспов Құран мен хадисте жиі қайталанатын кешірімге бармады, «көркем мінез» танытпады.

Тіпті кәрі анасы мен бала-шағасын өлместің күнімен әзер бағып отырған таксистке аяушылық жасамады. Алланың 99 сипатында рахым, мейірім… де бар емес пе. Енді сол сипатқа сәйкеспейтін имамдар жұмаққа қалай кіреді?!.

Эх, «көркем мінезден» жұрдай болған мүфтият-ай.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.