Күйеуін алдап, үш баласын тастап, Сирияға қашып кеткен әйел

0
700

AqtobeTV арнасына сұхбат берген Ақмарал Алмағанбетова 6 жыл Сирияда тұрып келген келіншек. Діни өмірді, шариғатпен жүретін қоғамды аңсап Сирияға кеткен Ақмарал басынан кешкендерін баяндап берді деп жазады Democrat.kz.

Сирияға кетудегі басты мақсаты қандай болған?

“Сирияға білім іздеп, халифатта тұрып, хижрат жасағым келіп кеткен едім. Қара ниқабты еркін киіп,бетімді жауып жүргім келді. Құран мен сүннет бойынша жүруді аңсадым. Әлеуметтік желіде отырып, солай адастым. 2009 жылы дін қабылдап, намаз оқып бастадым.

2013 жылы дін үшін Сирияға кеттім. Діни білімді интернеттегі әлеуметтік желілерден алдым. Мешітке бармайтынмын. Мешіттерде білімді адам жоқ, біздің имамдар мемлекеттің тапсырмасымен жүреді дейтінмін. Отбасымды тастап, жалғыз өзім Сирияға кетіп қалдым.

Күйеуіме “Египетке білім алуға кеттім” деп өтірік айтып кеттім. Түркияның шекарасынан Сирияға өткенде ғана күйеуіме айттым. Қара ниқабымды еркін киіп, шариғат заңымен жүретін болдым деп қатты қуандым. Эмоциямда шек болмады.

Үш балам мен күйеуім елде қалды. Бастапқыда балаларымды сағынатынмын. Алайда Сирияда күйеуге шығып, бала тапқан соң, елдегі балаларыма деген сағынышым басылды”.

Сириядағы өмірінің алғашқы уақыты қалай болған?

“Ақшаны өз қалтамнан шығардым. Түркиядан күтіп алған кісі жол көрсетіп отырды. Ол әлеуметтік желіде танысқан адамым еді. Сирияға жалғыз өзім бардым. Қасымда ешкім болмады.

Басында балаларымды сағынып, аздап өкініш болғанымен, Алланың жеріне келіп, хиджра жасадым деп шексіз қуандым. Ай сайын ақша төледі. Тегін үйде тұрдық. Әйел адамдар ол жақта үйде отыратын. Сирияда 6 жыл тұрдым.

Ол жақта 8-9 жасар ұлдарды қару ұстап үйретуге алып кететін. Сириядағы күйеуім айына 2-3 күнге келіп кететін. Екі баламен үйде отырдым. Ол жақта қазақтар бір-біріне де, басқа ұлттарға да көмектесіп жүретін”.

Не себепті Қазақстанға қашуды ойлады?

“2017 жылдан бастап ойлана бастадым. Әділетсіздік, от пен оқтың арасында жүру, адамдарды өлтіру, балаларды қару ұстатып, қинайтын оқиғаларды көріп және олардың шынайы жүздерін көріп ойлана бастадым. Елге кеткім келді. Бірақ ешкімге айтпадым.

Себебі сенің кететініңді біліп қойса, бірден өлтіретін. Шөл даладағы мал бағатын кісілерге хабарласып, күрдтердің босқындар лагеріне жетуге әрекет жасап көрдім. Кейін бір дұрыс кісі жолығып, елу шақты адам болып жолға шықтық.

Күрдтердің босқындар лагерінде 5 ай шатырда тұрдық. Сол жерде туған-туыстарға хабарласып, ИГИЛ-дан шықтық деп көмек сұрадық. Кейін Қазақстан елшілігі тарапынан төлқұжатымыз жасалып, біраз көмек берілді”.

Қазіргі өмірі қандай?

“Қазақстанға келген соң біразға дейін үйренісе алмай жүрдім. Мүмкін болса, сыртқа шықпауға тырысатынмын. Туыстарым да көпке дейін мені дұрыс түсінбей, басқаша қарайтын.

Кейін мақсат қойып, жұмысқа тұрып, ақырындап өзіме келіп бастадым. Балаларыма бардым. Сириядан келгендер осында анда-санда бас қосып тұрамыз. Қателіктерімді түсіндім.

Тәубеме келдім. Қазір дәстүрлі дін туралы оқып-үйреніп жүрмін. Әбу Ханифа деген ғалымның кітаптарын оқып бастадым. Жастар мүмкін болса, әлеуметтік желіден діни ақпараттарға сенбегені жөн”.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото видеодан скринделіп алынды.