Мағауиннің бір арманы Тоқай-Темірдің есінде қалу еді

Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Мұхтар Өміртай ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің арманы туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
«Атаның қырқы өтті. Алматыда. Әкем екеуіміз бірге бардық. Сонау АҚШ-тан әжеміз келген. Ал асқа жиылған халықта есеп болмады.
Мен үлкен залда сөз сөйлеген кісілерге микрофон апарып беріп тұрдым. Бәрі ата туралы естеліктерін айтты, ұлылығын айтты, даналығын айтты. Сөз ала алмағандар арманда кетті.
Астың соңына қарай үнтаяқты әжеге ұсындық. Ата о дүниеге армансыз аттанды дейді әже. Тек бір ойлағаны: атаның ең кенже немересі бар. Тоқай-Темір. Едіге ағамыздың ұлы. Сол Тоқабай 6-7 жасқа жеткенше жүре тұрсам, есінде қалар едім дейді екен.
Мұхтар ата өз ойға алғанын, жоспарлағанынын бәрін қағазға түсіріпті. Демек мақсатына жетті. Бірақ арманы әлі орындалған жоқ. Атаның арманы — қазақтың арманы. Сол арманға жетер күнді жазсын!» деп жазды журналист.
Фото автордың парақшасынан.