Мәсімовтің машиналары кімге берілді?
Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша тәркіленген көліктер қай мемлекеттік органдарға берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше,Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша тәркіленген автокөліктер Бас прокуратура мен Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген. Екі көлік те мемлекеттік органдарға тегін берілген.
«Kia Sorent маркалы көлігі Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаментіне берілсе,Toyota RAV4 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Павлодар облысы бойынша департаментіне берілді», дейді аумақтық басқарма басшысы Еркін Смағұлов.
Бұл көліктердің сатылғаны туралы ақпарат биыл көктемде мемлекеттік аукцион сайтында пайда болды. Ресми мәлімет бойынша, қара түсті 2021 Kia Sorento кроссовері 18,5 миллион теңгеге, ал 2021 жылы зауыт конвейерінен де шыққан Toyota RAV4 16,7 миллион теңгеге бағаланды.Кроссоверлер Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша ірі көлемде мүлікті ұрлағаны үшін сотталған кәсіпкер Евгений Евковичке тиесілі екен. Тергеу барысында кәсіпкер павлодарлық полицейлерге арнайы құрал-жабдықтар, оның ішінде оқ өтпейтін жилет, дулыға және резеңке таяқшаларды қымбат бағамен жеткізіп жүргені анықталды.
Еске салайық, 2023 жылдың тамызында алқабилердің қатысуымен сот Нұрлан Мәсімовке, оның орынбасары Дамир Сиразидимовке және кәсіпкер Евгений Евковичке қатысты үкім шығарған болатын. Олар 10, 8 және 7 жылға сотталып, Павлодар облысының полиция департаментіне 421,6 миллион теңге шығынды өтеуге міндеттелді.
Фотоның интернеттен алынды.