Мәслихат депутаттары отырған қоғамдық кеңес — өз лоббиынан әрі аса ала ма?

0
29

Мына қызыққа қараңыз, бір айдан бері ауданның қоғамдық кеңесіне кірем деп, біраз заңнаманы ақтара отырып жағамды ұстадым мен, жалпы, кез келген аудан, облыс, қалаларда «қоғамдық кеңес» деген дүние бар.

Мақсаты — «билікті» бақылау, билікке кеңес беру және белгілі бір мәселелер бойынша халықтың пікірін ескеру арқылы «шешімдер қабылдау» үдерісіне әсер ету.

Қоғамдық кеңестердің міндеті — азаматтық қоғамның үнін жеткізіп, мемлекеттік органдардың жұмысына тәуелсіз және бейтарап бағалау, бақылау жасау.(бұл елдік мәселе, егер қолдасаңыз соңына дейін оқып, пікір жазып, жазбаны бөлісуіңіз сұралады. Фбда бірдеңе жазғаннан ештеңе өзгермейді, бірақ қоғамдық кеңеске өтсеңіз, бірдеңе өзгертуге мүмкіндік бар сізде)

Бірақ бір қызығы, біздің облыстың, ауданның, қаланың қоғамдық кеңестерінде кәдімгі мәслихат депутаттары отыр. Бұл дегеніміз, халықтың мүддесін қорғау үшін құрылған кеңесте сол халықтан жоғары тұрған, шешім қабылдайтын адамдар отыр деген сөз.

Демек, өз шешімдерін қоғамдық кеңесте қорғап, лобби жасап отыр. Сонда бұлар өз-өздерін бақылау үшін қоғамдық кеңеске кіріп алған ба?

Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасына сәйкес, қоғамдық кеңес өкілдері өз қызметтерін тәуелсіздік, дербестік және жариялылық негізінде жүзеге асыруы тиіс.

Яғни, қоғамдық кеңес мүшелері ешқандай мемлекеттік немесе саяси құрылымдарға тәуелді болмауы керек, ал олардың шешімдері ашықтық пен объективтілікке негізделуі тиіс.

Сонда қатарларына мәслихат депутатын кіргізіп алған қоғамдық кеңес легитимді боп есептеле ме? Оны қойшы, тіпті сайлау комиссия мүшелері отыр.

Бұл дегеніміз тіптен сорақы. Қысқасы, мұндай жағдайда Республика деңгейіндегі кеңестердің кез келгенінің тәуелсіздігі күмән тудырады. Өйткені, мәслихат депутаты – ол жергілікті биліктің бір бөлшегі, яғни шешім қабылдайтын органның мүшесі.

Оның қоғамдық кеңесте болуы кеңестің объективтілігіне, тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдық бақылау функциясын толығымен жояды.

Бұл жағдай қоғамдық кеңестердің шынайы тәуелсіз бақылаушы орган болудан гөрі, билікке қолдау көрсету және халықтың наразылығын «жұмсарту» құралына айналып кеткенін көрсетеді.

Яғни, билік өз-өзін бақылайтын, ал халық тек көрермен ретінде қалатын жағдай туындап отыр.

Осы тұрғыда бірнеше сұрақ туындайды:

  • Қоғамдық кеңестердің құрамы қалай қалыптасады?
  • Неліктен мәслихат депутаттарына бұл кеңестерге кіруге мүмкіндік берілген?
  • Бұл кеңестер шынайы қоғамдық бақылауды қамтамасыз ете ала ма?

Мәселені шешу үшін қоғамдық кеңестердің құрамын қайта қарау, олардың тәуелсіздігін заң жүзінде бекіту, және кеңес мүшелерін таңдау процесін барынша ашық әрі әділ өткізу қажет.

Тек сонда ғана қоғамдық кеңестер халықтың шынайы өкілі және билікке тәуелсіз бақылаушы орган бола алады деп ойлаймын. Жоғары билік өкілдерінен мына антидемократиялық олқылықты жоюға күш салуларыңызды сұраймын!

Бурахан ДАҚАНОВ,

«Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.