Мектепке директор емес, қарапайым мұғалім ретінде жолатпайтын адамдар бар

«Құдай бермегенді Сорбонна бере алмайды».Әлемдегі ең мықты ЖОО-лардың бірі Сорбонна университетінің кіреберіс маңдайшасында осындай жазу тұр деседі…
Директорлыққа үміткерлермен әңгімелесетін комиссияда бірнеше жыл отырып, түрлі адамдарды көрдім..
Көпке топырақ шашпаймын..
Дегенмен, үміткерлердің арасында ой-өресі өте келте, директорлық түгілі, тіпті мұғалімдікке жолатуға болмайтын адамдар жетіп артылатынын осы парақшамда жазып жүрмін ғой..
Мұндай адамдардың қолына кішкентай болса да билік тисе, содан айырылып қалмау үшін ештеңеден, тіпті өзінен үлкен басшының табанын жалауды сөкет көрмейді.
Жап-жас қыз-келіншектер атасымен жасты еркектермен төсектес болса, тепсе темір үзетін жігіттер өзінің әйелін немесе қарындасын бастығының қойнына салып беріп жататын жағдайлар аз емес..
Неге олай?
Кейде жоғары лауазымдарда ақылымен де, адамгершілігімен де ерекшеленбейтін адамдардың отыруының түпкі себебі неде?
Осы сұраққа жауап іздеп, біраз әдебиет ақтардым..
Комиссия алдынан өтіп басшы болған/болмаған кейбір үміткерлерді сырттай бақыладым.
Комиссия алдында мәдениет пен биязылықтың «шыңын» көрсетіп, басшылыққа қол жеткізген кейбір әріптестің маскасы нәйеті 10-15 күнде сыпырылып масқарасы шыққанына да куә болдым..
Сөйтсем, бұл аса бір таңғаларлық нәрсе емес, бар болғаны «теріс іріктеу» заңының әсері екен.
Рухы әлсіз, өзіне сенімсіз адамдар билік құрылымдарындағы қызмет арқылы өздерін күшті сезінуге тырысады.
Билікке ұмтылу – бұл қоршаған әлемнен қорқудан туындайтын невротикалық бұзылудың бір түрі.
Қолына билік тиген осындай адамға әрдайым құрбан қажет, ал ол оны өз қол астындағылардың арасынан тауып, олармен «мен бастықпын – сен ақымақсың, сен бастықсың – мен ақымақпын» деген садомазохистік байланыс қалыптастырады.
Кез келген билікке ұмтылыстың түбінде сенімсіздік жатыр.
Адам өзіне жақын ортасынан көрген қорлық сияқты жарақатты тәжірибеден арылу үшін шектен тыс өтемақы механизмін іске қосады, ол айналасындағыларға өзінің үстемдігін дәлелдеуге деген обсессивті идеямен көрініс табады.
Алайда, билікке деген мұндай ұмтылыс бірден қанағаттандырыла бермейді. Нәтижесінде, осындай адам билікке қол жеткізген кезде, өзінің барлық комплекстері мен проблемаларын қарамағындағыларға жүктеп, одан да үлкен невроз тудырады.
Бір шешілмеген мәселе әрдайым басқа мәселені туындатады.
Осылайша, үстемдік етуге деген ұмтылыс адамның күшінен емес, керісінше оның әлсіздігінен туындайды.
Осыдан – менмендік пен өзгелерге деген менсінбеушілік пайда болады.
Кез келген билікке ұмтылыстың негізінде үнемі қорқыныш жатады.
Бұл – оның ойынша қауіпті әлемде өз бетінше өмір сүруден қорқу.
Мұндай адамдар үшін таныстар мен байланыстар бәрін шешеді. Билікке деген ұмтылыс неғұрлым жоғары болса, олар ықпалды таныстарға соғұрлым көбірек мән береді.
Бірақ қорқыныш ешқайда жоғалып кетпейді!
Әдемі сөздермен айналаңды ұзақ алдай алмайсың..
Саған айналаң не айтқаныңа қарап емес, не істегеніңе қарап баға береді.
Тек өзіңді жақсы көре бастағанда ғана үстемдік етуге, әрдайым дұрыс болуға деген ұмтылысың жоғалады.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, білікті ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.