Мектептегі «Алтын белгі» арзан атақтың бір түрі ме?

0
774

2024 жылы 11 сыныпты 186 мың түлек бітірді. Оның ішінде 7 420 түлек «Алтын белгі» белгісімен марапатталды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестат алды деп хабарлады Оқу ағарту министрлігі.

ҰБТ басталғалы бері талапкерлердің 76 пайызы шекті баллға (75-80 балл)  қол жеткізді. 2023 жылы елімізде 6817 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған екен. Ал биыл бұл көрсеткіш артқан. Алайда жыл санап саны артқан “Алтын белгі” өзін ақтап жатыр ма?

Былтыр ҰБТ-дан 6 мыңнан астам оқушы межелі 140 балды алды ма? Жоқ. Олай болса, “Алтын белгі” мен “Үздікке” бітірген оқушылардың білім деңгейі ҰБТ тестерінен төмен болғаны ма?

Осындай сауал әлеуметтік желіде де қойылып, сұраққа әркім білгенінше жауап жазысып жатыр. Бірі “оқушының мектепте алған бағасы өтірік. Сол себепті ҰБТ-да 140 балл жинай алмайды” десе, енді бірі “Алтын белгі” тек мектептегі білім көрсеткіші” дейді.

Осы жерде біраз кері шегініп, бұрынғы білім саласын еске алайықшы. Естеріңізде болса, 20-30 жыл бұрын мектепті үздік бағамен бітірген оқушы міндетті түрде жоғары оқуға түсіп, ол оқудың өзін де үздік бітіретін. Бітіріп қана қоймай, саласы бойынша өте сауатты, білікті маман ретінде қызмет атқаратын.

Сонымен қатар бұрын “Алтын белгі” екінің біріне бұйыра бермейтін. Бүкіл пәннен “бестік” бағасы бар оқушы ғана иемденетін ондай марапатты. Сондай азаматтарды қазіргі кезде жай ғана әлеуметтік желідегі жазбасынан анық тануға болады. Әр сөйлемін жүйелі, әр сөзін қатесіз жазады олар.

Ал енді қазіргі “Алтын белгі” иегерлерінің 80-90 пайызының қарапайым сауаттылық деңгейін ауыз толтырып айта алмайсыз. Өз тілінде сауатты жазу былай тұрсын, қолданатын телефонында қазақ әріптері жоқ. «Шоқан Уәлиханов әнші болған» дейтін «үздіктерді» де көзіміз көрді.

Бәлкім, ол оқушы математикадан, физикадан, химиядан үздік те шығар. Алайда өз тарихын жете меңгермесе, өз тілінде сауатты сөйлеп, жаза алмаса, ондай “Алтын белгі” иегерінің Қазақстанға берер пайдасы бар ма?

Жарайды, бала мектепті үздік бағамен бітірді делік. Олай болса, неге ҰБТ-дан 140 балл ала алмайды? ҰБТ-да келетін сұрақтар мен мектеп бағдарламасының арасында жер мен көктей айырмашылық болғаны ма? Егер ондай айырмашылық бар болса, кім кімді ақымақ етіп отыр деген сұрақ туындайды.

Қалай десек те, қазіргі оқушының білім деңгейі көңіл көншітпей тұрғаны жасырын емес.

Мысалы, білім саласының үздік маманы, көп жылдық тәжірибесі бар, білікті ұстаз Мира Барказаткызы: “Көбіне бұрын “Алтын белгі” ала алмаған шешелер қызы мен ұлы өзі жетпеген жетістікке жетсе екен деп талап қояды. “Алтын белгі” — ол білімнің шыңы!Шыныдығында да соңғы жылдарда “Алтын белгі” сол статусына лайықты бола алмай келеді” дейді осы мәселеге байланысты пікірінде.

Айжан Мамырбекова: “5 сыныптан бағалары тексеріледі. Бір “4” деген баға болса, “Алтын белгіге” ұсынылмайды. Ал қазір “Алтын белгі” алушылар саны көп, бұрынғыға қарағанда бала саны артқан. Екінің бірі “Алтын белгіге” бітіріп жатыр деген ой дұрыс емес, менің пікірім. Біздің мектепте 1 Алтын белгі, 131 балл алды ҰБТ-да.

Әлі 2-ші мүмкіндігі бар. Басқа да “Алтын белгіге” әбден лайық оқушылар бар еді, 5 сыныпта 1 ғана тоқсанында 1ғана пәннен “4” боп қалды. Сол себептен “Үздік аттестат” иегері атанды, олар да 128, 115, 111 балл жинап отыр. Бұйырса, тағы екінші мүмкіндікте бұдан да жоғары алуға ниеттеніп, бар күштерін салуда”.

Tolbay Talgat: “Қызыл аттестат білім сапасының көрсеткіші емес. Көп жағдайда “қойып беріңіз, қызылға келе жатыр” дегенді барлық мұғалім біледі Оны балалар да біледі, қалай алып жатқанын. Соңғы жылдарда беріліп жатқан «қызылдар» арасында тіптен қызыл өтіріктер де бар”.

Меруерт Кеңесбекқызы: «Сол белгіге бітірген қызымның бір сыныптасы қазақ тілінде бір сөйлемді 10 қатемен жазады. Екіншісі ҰБТ-дан 80 балл алды. Ал қазақ мектебінен «Алтын белгі»алған досымның қызы ойын қазақша жеткізе алмайды. «Қазақ тілінен бағам-«5» дейді. «Қазақ хандығы қашан құрылды?»десем, «1991? Про Назарбаева спрашиваете?» дегенде, қолды бір сілтедім».

Ақмарал Шатемірқызы: «Алтын белгіге үміткер — дарынды, талантты, есте сақтау қабілеті мықты, білім дағдылары қалыптасқан оқушы. Ондай оқушы сынақтан да сүрінбей өтеді, ұлттық бірыңғай тестілеуде де лайықты деңгей көрсетеді. Жылдар бойы 5-ке оқыған білім алушы барлық түлектерге үлгі болып, Алтын белгіні осылай ақтап шығуы керек.

Ал түрлі жағдаймен тесті дұрыс тапсыра алмай қалыпты деген жайды мектепті 4 пен 5-ке бітірген оқушы да себеп етуі мүмкін.
Әділ бағалай білген мұғалім де, өзін алдыңғы қатардан танытқысы келген білім алушы да жауапкершілікті сезінуі, бағалауы тиіс. Әділеттілік мектеп қабырғасынан басталады».

Қалай десек те, өзін өзі ақтамайтын болса, “Алтын белгі”, “Үздік аттестат” оқушыға не үшін беріледі деген сұраққа нақты жауап таппадық. Сіз қалай ойлайсыз? Мектепте үздік оқыған оқушы кез келген сынақта да үздік дәрежеде білімін дәлелдемей ме? Әлде, “Алтын белгі” жай ғана “алды” деуге арналған арзан атақ қана ма?

Әлия БОЛАТҚЫЗЫ, Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.