Мұғалімдер неге мектептен кетіп жатыр? (ВИДЕО)
ТикТок әлеуметтік желісінде «осымен бәрі бітті» деген трендпен жұмыстан кетіп жатқан мұғалімдердің видеолары көбейді деп жазады Democrat.kz.
Осы мәселеге қатысты әлеуметтік желіде Mia атымен тіркелген мұғалім өз пікірін білдірді.
«Мұғалімдер неге мектептен кетіп жатыр? 10-15 жылдық стажы бар мұғалімдер жұмысын тастап кетуде. Неге? Себебі мұғалімнің жұмысы адамды шаршатып, соңғы күшіне дейін сорып алады. Жазғы демалыстан келіп, 1 қыркүйекте жұмысқа кіріскен сәттен басталады.
Бітпейтін құжаттар толтыру. Қағаздан бас алмаймыз. «КТП», «КСП», «нөлдік срз», «оқушылардың деректері», ата-аналардың әрбіріне хабарласып, әлеуметтік жағдай туралы дерек жинау… өте көп. Олардың бәрін толтырып, қол қойып, қағазға шығарып өткізуің керек.
Неге осы құжат жұмыстарымен айналысатын бір адамды бекітуге болмайды? Болмаса, осы жұмыстармен айналысатын мұғалімнің жанына ассистент берілсін.
Мұғалім өз міндеті бойынша балаға білім берсін. Оқушыларына бүкіл көңілін бөліп, мұғалімдік қызметімен алаңсыз айналыссын. Өз жұмысымды сүйемін.
Бірінші сыныптың мұғалімімін. Оқушыларым сыныпқа келгенде, олардың әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеп, олардың көңіл-күйінен бастап, білім алуына дейін барымды салып, жұмыс істегім келеді.
Бастауыштың балаларына мұғалім ерекше көңіл бөлуі керек. Алайда өкінішке қарай… мынадай қағазбастылықтан шаршайтынымыз сондай, өз жұмысымызды ойдағыдай атқара алар емеспіз», — деген ұстаз сонда да болса, әріптестерін мықты болуға шақырды.
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.