«Мұғалімге мақтау қағазын сатуды доғарыңдар!» деген белсенді ұстаз ББ басшыларына ескерту жасады
Әлеуметтік желіде белсенді ұстаз Маржан Байымбетова облыстық, аудандық білім бөлімдеріне ескерту жасап, үндеу жариялады деп жазады Democrat.kz.
Мұғалімдердің біліктілік аттестациясы қарсаңында сынаққа қатысты кейбір мақтау қағаздарының саудаға түсіп жатқанын айтқан Маржан Байымбетова:
«Қазығұрт Ауданы Білім Бөлімі, Түркістан Облысының Білім Басқармасы қызметкерлеріңіз бен өкілдеріңіз мақтау қағазын сатпай тыныш жүрсін.
Бүгін-ертең аттестациядан өтетін кейбір мұғалімсымақтарға ақшамен мекеменің мөрі басылған бір жапырақ қағаздарыңызды сатып, науқанда пайда көрілмесін.
Мен өз мұғалімдерімнің жетістіктерін бес саусағымдай санап айтып бере аламын. Сондықтан бүгінгідей аяқасты олимпиададан орын алған, баяндама оқыған, байқауларды бағындырған мұғалімдер пайда бола қалса, біз не үшін ақ төр-көк тер болып облысқа, республикаға шығынданып, маңдай терімізді төгіп жүргенімізді түсіндіріп берулеріңізге тура келеді.
Екінші мәселе, мен жоғарыда айтқандай өз мұғалімдерімді бес саусағымдай білемін дедім ғой, бірақ облыстан берілген педагог-зерттеуші мен ауданнан берілген педагог-сарапшыларға қандай жолмен бергені белгісіз, лайықсыздар толып жүр.
Керек десеңіздер дипломсыз сарапшыны алғандар да болған.
Ал, аппеляцияға өтініш беріп, соның нәтижесінде бір ауданнан 68 мұғалім сарапшысын қорғап шықты деген не масқара?
Басында дұрыс қаралмады ма немесе кейін қандай да бір жолын тауып қорғады ма, ол да бір өздеріңе аян…» деп жазды белсенді ұстаз Маржан Байымбетова.
Фото көрнекілік үшін.