“Нағыз коррупционерлердің бәрі сол жерде” дейді саясаткер

0
101

Бірқатар лауазымды қызмет атқарған мемлекет қайраткері, Шымкенттің экс-әкімі Амалбек Тшан Дикий Арманмен арада болған оқиға, оған Дариға Назарбаеваның араласуы, Ескі Қазақстан өкілдерінің биліктен неліктен кеткісі келмейтіні туралы айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Амалбек Тшан Назарбаев әулетінің тағы бір өкілі Тимур Құлыбаевтың былықтарын әшкереледі.

«Өздеріңіз білесіздер, кейінгі кезде олимпиадалық жарыстарда, әлемдік деңгейдегі жарыстарда Қазақстан спортшыларының деңгейі өте төмен түсіп кетті. Қандай бір іс-шара болмасын, өндіріс болсын, спорт болсын, білім саласы болсын, жүйесіз ешбір істің алға жылжуы мүмкін емес. Спортта да жүйесіз тірліктер болды.

Себебі кезінде Құлыбаевтың ықпалымен Спорт туралы заңды өзгертіп, қаражат бөлу мәселесінің бәрін Олимпиадалық комитетке ауыстырып, бұрынғы қалыптасып қалған жүйеден ауытқыған жағдай болды.

Жанкүйерлердің арасында да үлкен алаңдаушылық болды. Токиода Олимпиада болған кезде Құлыбаевтың айналасында жүргендердің бәрі Олимпиадаға барып, жанкүйер болып отырды. Көрермендер өзінің ренішін білдіріп жатты», — деді ол.

Оның пікірінше, Құлыбаевтың Олимпиада комитетінде қызметке келуі — жеке қалауы.

«Құлыбаевтың үлкен бизнес империясы бар ғой, меніңше, спортқа қарауға уақыты болған жоқ. Өз шаруасымен жүрді. Олимпиада комитетіне төраға болып келуінің өзі амбициялық қалауы деп ойлаймын. Бәрі сол кісінің қолында, қай жерге қызметке барамын, не істеймін десе де, оның бәріне мүмкіндіктер болды. Сол мүмкіндікті пайдаланып келген іс-әрекеті деп ойлаймын», — деді Амалбек Тшан.

Жуырда Олимпиада комитетіне Головкин басшылыққа келді. Ал оның командасында Ескі Қазақстанның белді мүшелері бар.

«Головкинға орынбасар болып бекіткендердің бәрі де баяғы Ескі Қазақстанның миллиардерлері. Нағыз коррупционердің бәрі сол жерде жүр. Олар — тек миллиардер емес, коррупционерлер, оны ашып айту керек. Оны ел де, жұрт та біледі.

Бір Маминнің өзі не тұрады? Оның теміржолда істеген нәрселерінің бәрі — миллиардтап, триллиондап жатқан ақша.

Премьер-министр болып жүргенде құрылыстар саламыз деп ашқанының бәрі көзбояушылық болып шықты, жалғасы жоқ.

Ахметов, мысалы, олардың бәрінің де жасы келген. Оларды Қазақстан спорты қызықтырады деп айта алмаймын.

Егер патриот болса, олар адал қызмет істеген болар еді. Сондай ұрлықтың арқасында миллиардтаған қаражатқа еге болып отырған адам спорт үшін жаны ашиды деп айта алмаймын. Оларға әшейін хобби сияқты нәрсе. Олардың ең негізгі мәселесі — ұрланған ақшаларын реттеу, бизнестерінің бәрін ретке келтіру.

Құлыбаев та, Мамин де, Ахметов те жиған дүниелерінің қайсының қайда екенінің бәрін, бір басын білсе, екінші шетін білмейді ғой деп ойлаймын. Себебі аз уақыттың ішіндегі жинаған дүниесі адамның ұғымына кірмейді», — деді ол.

Фото ашық дереккөзден алынды.