Наурыз мейрамында неге шапан киіп, көже ішумен шектелеміз?

0
31

«Новый год» мерекесін бүкіл әлем тойлайды. Әдетте, желтоқсан айының орта тұсынан басталатын «шыршалық шаралар» қаңтардың алғашқы декадасынан асып, «әрең дегенде жығылады».

Ал, Әз-Наурыз ше?

Мынадай «ыңғайсыз сұрақтар» ауыл шопырын жиі мазалайды:

  1. Мәңгілік Ел үшін «Наурыз мейрамы» қаншалықты маңызды? Бұл мерекенің салмағы неге «Новый годтан» кем түсе береді?
  2. Наурыз мейрамын өткізу шаралары неге жасанды?
  3. Наурыз мейрамы неге «шапан киіп, көже ішумен» шектеле береді?
  4. Наурыз мейрамын тойлаудың басты алғы шарты- ата-бабамыздан қалған салт-ғұрып жайлы «ағартушылық» жазбалар жариялап, дәстүрлі телероликтерді жиілетіп көрсету ғана. 21-22 наурыз күндері мейрамдау үшін емес, телерепортажға түсіп қалу үшін көшеге шығатын секілдіміз. Жыл сайын «баяғы» көрініс… Жыл сайын «сол жартас…».

5.Мейрам неге мейрам сияқты мей-рам-дал-май-ды? Неге дәл осы күні көсемсіп, бір-бірімізге әдет-ғұрып тақырыбында мыжыма әңгіме айтудан аса алмаймыз? («Новый год» атты праздник кезінде «Иссус ағайдың мамасы қай «роддомда» босанып, неге 2000бірдеңе жыл бойы уақыт санап» жүргеніміз жайлы «танымдық» әңгіме айту ешкімнің ойына кіріп шықпайды ғой).

22 наурыз — жыл басы ма, жоқ әлде «қазақтың дәстүр-салты жөнінде ашық лекция оқу күні» ме?

Наурыз мерекесі — жыл басы болса, оны неге түнде (немесе таң алдында) думандатып, шерулетіп қарсы алмаймыз? Мысалы, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға ауған түні үлкеніміз де, кішіміз де бала сияқты болып кетеміз ғой.

Құдайдың «электронды поштасына» жақсы «заказдар» жіберіп, Президенттің құттықтау-тостын тағатсыздана тосамыз. Ал 21 наурыздан 22-ісіне ауған түні неге алаңсыз ұйықтап жататынымыз түсініксіз. (Ертеңіне «қисық қалпақ, жылтыр шапанмен» көшеге шығып, наурыз көже ішіп, селфи жасау үшін ғана ма?)

Серік АББАС-ШАХ, танымал продюсер.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.