«Наурыз — мұсылманның мерекесі емес… ішіп-жейтін мереке емес» деген мәдениеттанушы қоғамдағы пікірталасқа қатысты айтты

0
152

Ораза ма? Наурыз ба? Бір ғасырда бір рет қатар келіп еді, қайсын таңдайсың дегендер шықты. Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болған мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Серік Ерғали мәселенің қайдан шыққанын, оның ара-жігін анықтауға тырысты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы. 

«Қазақтың алдына ылғи да осындай риторикалық, қайшылас сұрақтар шығып отырады. Біз мұндағы түпкі мақсатты ойлауымыз керек. Тыныш отырмай, қазақты түртпектеп, айтыстырып, тартыстырып қою. Біздің халқымыз мұндайға дайын емес. Бұл сұрақты қоюдың өзі де дұрыс емес.

Наурыз кемінде 5-7 мың жыл бойғы танымдық құндылығымыз. Ораза да біздің бір жарым мың жыл бойғы құндылығымыз, сеніміміз. Бұларды бір-біріне қарсы қою да дұрыс емес. Бұрынғы біздің ата-бабаларымыз екеуін жымдастырып келген. Біз содан айырылып қалып отырмыз», — деді мәдениеттанушы.

Оның айтуынша, тіпті арабтардың өзі «Нейруз» деген атаумен Наурызды атап өткен.

«Бұл мұсылманның мерекесі емес, бұл парсынікі, түркілердің, қазақтардың қатысы жоқ. Бұл бала сияқты халқымыздың басын қатыру. Қазір тіпті, мұндай сұраққа көңіл бөлмеймін де», — дейді спикер.

Сонымен қатар, Серік Ерғали «Жаратушыға бәрібір. Мәселе біздің дүниедегі, өмірдегі жүріп-тұруымыз, ниетіміз қандай соған қарайды. Ораза ұстадың ба, ұстамадың ба, жағдайың келмей, дәрі ішіп жүрсің бе, оның бәрі шешілген ғой. Наурыз – тек ішіп-жейтін мереке емес. Оның бәрін шешуге болады» деген ойда.

«Біздің мемлекет, ішкі-сыртқы осындай құйтырқы идеологияға дайын емес! Осал, әлжуаз, иммунитеті қалыптаспаған. Енді қашан қалыптасатынын білмеймін. Біз жалпы іспен айналыспай, ойланбаймыз, тек әлеуметтік желіні ермек қыламыз, болашақ ұрпақтың сыбағасын ішіп-жеп, тауысумен, ұрлап-жырлаумен күн кешіп жатырмыз. Наурыз өз орнында, ораза өз орнында. Оған сөз таластырудың қажеті жоқ», — деп нақтылады ол.