Оқушы қызы үшін әкесіне айыппұл салынды

Маңғыстау облысында қызының мектепке бармауына байланысты қыздың әкесі өзін қамауға алмауды сұрады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Маңғыстау облысының сотына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) білім беру міндеттерін орындамауы (ӘҚБтК 127-бабының 2-бөлігі) бойынша ер адамға қатысты істі қарады.
Соттың мәліметінше, ер адамның 15 жастағы қызы негізсіз себептермен 17 күн бойы сабаққа бармаған. Бұған дейін де сотталушы осыған ұқсас бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Сот отырысында Ж. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, соттан ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады. ӘҚБтК 127-бабы 2-бөлігінің санкциясында 15 АЕК көлемінде айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған», – деп хабарлады сотта.
Нәтижесінде, ер адам ӘҚБтК 127-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 55 380 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енді.