Өз қызын зорлаған еркек — беделді кісінің ұлы екен

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 8 жасар қызын зорлаған ер адамға үкім шығарды. 29 жастағы қылмыскер жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот жабық режимде өтті. Ер адам өзінің 8 жастағы қызын зорлап келген. Осы қылмысы үшін бүгін Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы айыпталушыға үкім шығарды.
«Сот қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша Сәкенов Әділхан Қайратұлын кінәлі деп тауып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол өмірінің соңына дейін педагогикалық қызметтерді атқарту құқығынан айырылды және кәмелетке толмаған балалармен жұмыс жасай алмайды. Сәкенов жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ ол жәбірленуші Мұсабаева және кәмелетке толмаған Сәкеновға 3 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс», — деді үкімді оқыған Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршарыпов.
Айыпталушы Әділхан Сәкеновтың әкесі өңірде белгілі азамат. Қайрат Пішенбаев облыстың төрт бірдей ауданында әкім болған. Бір кездері тіпті, Қызылжар аудандық «Нұр Отан» ХДП төрағасы қызметін атқарды. Қазір зейнетке шықса да, «Ауыл» партиясының солтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы болып отыр.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.