Пітір-садақа, зекет ақшасы: Халыққа есебі берілуі керек пе?

Бірнеше күннен бері қоғамда қызу талқыға түскен «Астанадағы зәулім сарай» әңгімесінің ақыры «пітір, садақа, зекет ақшасы қайда кетіп жатыр?» деген сұраққа тіреле бастады деп жазады Democrat.kz.
«Зекет» қорының бұрынғы басшысына тиесілі бұл үй әлеуметтік желіде талқыланып қана қоймай, садақа беруші қауымға «сонда біздің ақшамыз біреулердің ғажайып өміріне жұмсалып жатыр ма?» деген күмәнді ой салуда.
«Алла үшін, Алла жолында берілген садақа, зекеттің есебін сұрауға болмайды» деп көлгірсіген кейбір кісілер діни қорлардың ақшасы туралы тақырыпты қозғатпауға мейлінше күш салып-ақ жатыр.
Әйтсе де, көзқарақты халық «садақаның ақшасы қалай, қайда жұмсалуда? Зекеттің ақшасы қайда?» деп сұрап бастады.
Осы мәселеге қатысты қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы да:
«Каспи қосымшасындағы “Қайырымдылық” бағытында 400-дей қор тіркелген.
Ал осылардың басында муфтиятпен байланысы бар қорлар алда тұр. Одан кейін православия дініне қарасты ұйым.
Яғни дін мемлекеттік қолдауында. Иә, алдыңғы қатарда тұрған Зекет қорына барлық еліміздегі мұсылман қауымымен қатар басқа да ірі кәсіпорындар мен бизнесмендер ақша жіберуі мүмкін.
Кешегі бас имамның үйі деп көрсетілген видео нақтылығы белгісіз, дегенмен бас имам жақсы жағдайда тұратыны белгілі.
Қаржыландыру нақты бюджет көзінен болмаса да мемлекеттік қолдау болатыны рас. Өйткені бұл мемлекеттік маңызы бар лауазым. Мысалға ресейлік шіркеу басшыларының материалдық жағдайы әлдеқайда жоғары екенін белгілі.
Сондықтан мәселе бас имам үйінің зәулімдігінде емес, оған бола дінді қаралаудың қажеті жоқ. Бұл да саяси мәні бар лауазым.
Ал Зекет қорының түскен қаражатқа қатысты қаншалықты ашық жұмыс істеуде деген сұраққа жауап іздеу маңызды.
Өйткені қаражат жүрген жерде кейде имандылықтың азайып қалатыны бар» деген жазба жариялады.
Біз пікірін сұраған азаматтар да «кез келген ақшаның есебі берілуге тиіс» екенін айтады.
«Кез келген қор, ұйым, фирма секілді садақа, пітір, зекетке жиналған ақшалардың есебі ресми берілуге тиіс. «Алла үшін» деп аталғанымен, ол ақшалар тікелей Аллаға жолданбайтынын ақымақ та біледі. Олай болса, халықтан жиналған ақша қайда жұмсалғаны туралы есеп берілуі керек», — дейді зейнеткер Сабырбай Рыскелді.
«Әлем бойынша үлкен ақшалар айналатын сектордың бірі — дін саласы. «Діннен ақшаны алып тастасаң, сол күні дін өледі» деген сөздің жаны бар.
Былайғы жұрт «500-1000 теңге садақада тұрған не бар?» деп аса бас қатыра бермейді. Алайда сіз секілді мың кісі 500 теңгеден жәшікке тастаса, жарты миллион, ал 10 мың кісі 500 теңгеден салса, 5 млн теңге болатынын ойланып көрдіңіз бе?
Бір ғана Қазақстанда «садақа берсем, бәрі жақсы болады» деп ойлайтын кемі 2 млн адам бар. Ал, енді есептеңіз, жай ғана жұма күні 2 млн кісі 500-ақ теңгеден садақа берсе, 1 млрд теңге жиналады. (!) Бір айда 4 рет жұмаға жиналады жұрт.
Ал бір жылда 48 рет мешітке барады. Мұнан бөлек, діни мерекелер тағы бар. Сол кезде түсіп жатқан ақшалар қайда кетіп жатыр? Меніңше, халық садақа ақшасының есебін сұрамас бұрын, ол ақшаны не үшін беріп жатқанын ойланғаны жөн» дейді экономист Жанна Адайбекқызы.
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.