Президентке дат: Оқу ағарту министрлігі қауқарсыздық танытып отыр

0
553

Арғы аптада шу болған бір баланы тепкілеп жатқан семейлік жасөспірімдердің ата-аналарын ата-аналық құқынан айырып, өздерін арнайы мектепке жіберу ұсынылды…

Талдықорғандық жасөспірімдердің  қылықтары үшін директордың тәрбие ісі бойынша орынбасарынан бастап, біраз мұғалім жазаланыпты..

Бұл 2 кейс желіге тарап кетіп, елге белгілі болғандары ғана..

Қаншасы жасырылып, айтылмай жатқанын біз білмейміз..

Ары қарай не болады?

Бұлай кете берсе, елімізде жазаланбаған сынып жетекшісі қалмайтын шығар

Жақын күндері болатын Ұлттық Құрылтайда осы мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылдануы тиіс деп ойлаймын

Себебі, жағдайды өзгертуге Оқу-ағарту министрлігі қауқарсыздық танытып отыр.

Өткен аптада Alash.kz ұлттық порталы менен сұқбат алып еді.

  1. Соңғы уақытта балалар арасындағы әлімжеттік пен буллингтің өршуі, зорлық-зомбылықтың қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанының негізгі себебі неде?

Бұл отбасындағы тәрбиенің кемшілігінен бе, ортаның ықпалы ма, әлде қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ме?

— Отбасындағы тәрбиенің кемшіндігі, ортаның ықпалы, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке қоса атыс-шабыс, төбелестен тұратын компьютер ойындардың ойындардың әсері де жоқ емес..

Осы тұста «ортаның ықпалына» дегенге мектеп мұғалімдері де кіреді.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына 5 жылдан асса да мұғалімдердің өздері басшылардың озбырлығынан құтыла алмай отырғанына Семейде шыршадан құлаған мұғалім айқын дәлел..

Бұл жерде заңды аяққа таптаған басшыны ғана емес, заң бекітіп берген өз құқығын пайдалана алмай, міндетіне жатпайтын жұмысқа жегілген мұғалім де кінәлі..

  1. Жас ұрпақ неге қатыгезденіп барады? Жасөспірімдер арасындағы агрессияның алдын алу үшін не істеу керек? Балаларға қатаң жаза қолдану мәселені түбегейлі шеше ме? Әлде отбасы институтын нығайтып, ұлттық құндылықтарға негізделген кешенді тәрбие жұмысы жүргізілуі керек пе?

— Жасөспірімдердің бойындағы агрессияны толық жоюға болмас, бірақ азайтуға болады.

Ол үшін тасқамалға тығылып, смартфонға шұқшиған балаларды смартфоннан қол үзіп бір сәт сыртқа шығарудың амалдарын қарастыру керек..

Ол үшін аулаларға түрлі спорттық аттракциондары бар ойын алаңшаларын көбейту, тегін спорт секциялары мен үйірмелерді көптеп ашу керек.

Демалыс күндері қала сыртына саяхатқа шығаруға кейбір ата-аналардың жағдайы көтермесе, жағдайы бар кейбір ата-ана құнттамайды.

Мұндай жорықтарды ұйымдастыруды қазір көптеп ашылып жатқан Оқушылар сарайларына жүктеуге болар еді..

  1. Мектептегі тәрбие жұмысына көңіліңіз тола ма? Былтыр қабылданған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыра ала ма? Қазіргі білім беру жүйесіне қандай реформалар қажет?

— Өкінішке қарай, батыс елдерінен сабақ берудің сан түрін әкелгендер тәрбие туралы тұщымды ештеңе әкеле алмады..

Кез келген бағдарлама секілді

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да біраз күн есеп үшін өткізілетін көп шараның біріне айналып, бір күні ұмытылатынына өз басым кәміл сенемін..

Жоғарыдағы проблемалардың бәрін шешуді түлектерді педагогикалық мамандықтарға қабылдаған кезден бастамаса бері бекер..

Педагогика саласы көрінген көк атты істей беретін жер емес, біліміне қоса икемі, қабілеті бар мамандар ғана істей алатын сала…

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, білікті мұғалім,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.