«Психолог іздесең, жын шығаратынға тап боласың» дейді сарапшы Евгений Ян

0
103

Когнитивті-мінез-құлықтық терапия орталығының директоры Евгений Ян Қазақстанның психология саласындағы басты мәселесін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен көп психолог мамандарымен жұмыс істеймін. Басты мәселе елде жасалатын әдістердің 96 пайызында ғылыми растайтын негіз жоқ. Қазір балгер, псевдопсихолог, таролог, нумерологтардың жұмысы психологиялық көмек алуға қауіп төндіріп отыр. Себебі психологиялық көмекке жүгінген адам дәлелденген психотерапия аясында жұмыс істеп жатқанына көз жеткізе алмайды», — деді ол әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.

Маманның айтуынша, бұған посткеңестік елдер де душар болған.

«Мысалы, Ресейде әскери операция басталғанда, олармен жұмыс істейтін психологтар қажет болды. Олар ғылыми негізде зорлық-зомбылықпен жұмыс істей алатын мамандарды таба алмады. Себебі барлық психолог, таролог, энергопрактик болып шыққан. Бізде де де сондай мәселе бар. Психолог іздегенде эзотерик, жын шығаратын психолог деп шығады. Біздегі ғылыми деңгей қазір мамандардың тек ғылыми түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмайды. Қазір ғылым кандидаттары тектің қуаты, тектологиямен айналысып жүр», — деді Евгений Ян.

Ол мамандар тек ғылыми дәлелденген негіз ретінде жұмыс істеуін енгізу керегін айтты.