Ресейдің Қорған облысына су тасқыны қаупі төнді

0
125

Ресейдің Қорған облысында тасқынға қатысты ахуал ушығып барады. Мамандар 11-14 сәуір аралығында көп көлемде су келетінін ескертеді, деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.

Су Қорған қаласының орталық аудандарына дейін жетуі мүмкін. Орынбор қаласының билігі де тұрғындарды үлкен сынақ күтіп тұрғанын айтады. Орынбор қаласындағы жағдай күрделі. Мамандар Жайық өзенінінің деңгейі 930 сантиметрден асса, жаңа аудандарды су басатынын ескерткен.

Марсель Серазетдинов, Орынбор қаласы мэриясының өкілі: — Үй-үйді аралап, эвакуация туралы ескертіп жатырмыз. Тұрғындар бағалы заттары мен құжаттарын алып, бірден қауіпсіз жерге көшу керек. Жұрт 112 нөміріне хабарласса, құтқарушылар бірден көмекке келеді. Билік облыстағы екінші ірі қала – Орсктегі жағдай тұрақтала бастағанын айтады.

Александр Ситников, Орынбор облысы бойынша тжм өкілі: — Қазіргі уақытта Орск қаласындағы кейбір өңірлерде судың деңгейі төмендей бастағанын көріп отырмыз. Мысалы, біз тұрған Гагарин көшесі бертінге дейін қауіпті аймақ қатарында болған. Мұнда ірі құтқару операция өткен. Қазір су азайғанын байқауға болады.

Билік су қайтқаннан кейін ғана келтірілген шығын көлемін анықтауға болатынын айтады. Әзірге 6600 үйге су кіргені белгілі. Тұрғындар әлеуметтік желіде бүлінген мүлкінің бейнежазбалармен бөлісуде. Қазір Қорған облысында да жағдай күрделі. Мұнда 62 елді мекенді су басуы мүмкін.

Тобыл өзенінің деңгейі 11 метрден асса, су Қорған қаласының орталық аудандарына дейін жетеді дейді мамандар. Анастасия Аргышева, Қорған қаласы мэрінің міндетін атқарушы: — Бізге көмек керек. Су, дәрі-дәрмек, көрпе-жастық секілді заттар қажет. Оларды уақытша орталықтарға әкеле берсеңіздер болады.

Сондай-ақ мамандарға көбірек қап, күрек, қолғап керек. Бұдан бөлек эвакуациялауға жәрдемдесетін еріктілердің де көмегі артық болмайды. Билік әсіресе 11-14 сәуір аралығында Қорған облысы тұрғындарын үлкен сынақ күтіп тұрғанын ескертеді. Себебі бұл күндері көп көлемді су келеді деп күтілуде.

Фото ашық дереккөзден алынды.