«Саны көп, сапасы жоқ бала туу не үшін керек?»
Еліміздегі соңғы уақыттағы бала туу деңгейіне қарап чайлдфри (бала туудан бас тарту) әсер етуде деуге бола ма? Осыған байланысты Democrat.kz ақпараттық порталы сүйене сауалнама жүргізіп көрді.
Ұлттық статистикалық агенттіктің ресми мәліметтеріне сүйенсек, бала туу көрсеткіші бойынша елімізде жыл сайын Маңғыстау мен Түркістан облысы алдыңғы орында екен. Ал ең төменгі туу көрсеткіш Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Осыған орай редакция еліміздің бірнеше облысы тұрғындарын сөзге тартып, пікірін сұрап білді.
Ләззат Жұмабайқызы,Семей қаласынан: “Бір ұлым бар. Екінші баланы туудан ерікті түрде бас тарттым. Біріншіден, денсаулығымды сақтауым керек болды. Екіншіден, қазір топырлатып бала табатын заман емес. Денсаулығы мықты, киімі бүтін, тамағы тоқ, түрлі қосымша сабақтарға қатысуға мүмкіндігі бар бала өсіруді мақсат еттім. Өзім 7 балалы отбасыдан шықтым.
Не ішер асқа жарымадық. Не киер киіміміз болмады. Бәрінен де ата-анамыздың махаббатын сезініп өспедік. Ұбырып-шұбырып жетілдік. Әке-шешеміз бізді өсіреміз деп күндіз-түні жұмыстан қолы босамады. Айналамдағы достарым сияқты мен де анаммен қыдырып, уақыт өткізуді армандадым. Әкеме еркелеп, мойнына асылғым келді. Өкінішке қарай, шұбырған топтың ішіндегі елеусіз баланың бірі болдым.
Міне, сол себепті де әу бастан бір баламен шектелемін деп өзіме сөз бердім. Балаға ең бірінші ата-анасының сүйіспеншілігі қажет. “Ойбай, туа алам” деп топырлатып 7-8 бала тапқан әйелдің ешбірі сол балаларына бірдей махаббатын бермейді.
“Бәрін бірдей жақсы көрем” деген бос, өтірік сөзді маған айтпай-ақ қойыңыздар! Шұбырған баланың ішінде тек біреуін ерекше жақсы көресің, ал қалғандары баланың саны ғана. Ата-анам “қартайғанымызда осы ұлдарымыз бізді бағады” деп жиі айтатын.
Сенесіз бе, 5 ұлының бесеуі де әке-шешемді бақпады. Бес бауырым да әйелдерінен аса алмай, бөлек өмір сүріп жатыр. Ауылдағы қара шаңырақта соқа басы сопиып қазір анам жиенімен тұрып жатыр.
Әкем дүние салды. Міне, өмірімнің осы тұсына қарап, “бір бала туамын, оны да нағыз адам етіп өсіріп, бағайын” деп шештім. Менің бұл шешіміме ата-енем де, күйеуім де қарсы болмады. Кей әйелдер күйеуін баламен байлап ұстаймын деп ойлайды.
Естеріңізде болсын, кететін еркекті 10 балаңыз да байлап ұстай алмайды. Ал енді біреулер демография деп сандырақтайды. Балаңа қалаған затын әпере алмай отырып, демография не теңің дер едім.
Мемлекет саған демографияға үлес қостың деп материалдық мардымды көмек бере ме? Жоқ. Олай болса, мемлекет бас қатырмаған демографияға сенің басың неге ауырсын? Өзімізді алдамайық.
Қазіргі кезде шұбыртып бала табатын әйел не түк білімі жоқ, надан, не болмаса ішкі бір есебі бар, өзін ақылды санайтын ақымақ деп ойлаймын. Кез келген көпбалалы отбасыны алып қараңызшы. 80-90 пайызы адам қорқатын жағдайда өмір сүруде. Әке-шешесінің тұрақты жұмысы жоқ, баспанасы жоқ, бала-шағасы жарытып киім кимейтін, тойып ас ішпейтін жағдайда.
Әрі кетсе, екі бала тауып, олардың сапалы білім алуына, қалаған ас-суын ішуіне, ұнатқан киімін әперуге жағдай жасаған дұрыс деп санаймын. Ал тойып тамақ ішпеген, дұрыс киім кимеген, ал бәрінен де ата-анасынан жеткілікті махаббатты ала алмаған бала ашкөз, қызғаншақ, іші тар мұнан бөлек, сондай баланың өмірде көбінесе жолы болмайды. Ал қоғамды ондай сапасыз баламен толтырып, демографияның санын арттырудың кімге пайдасы бар?”
Келесі мақалаларымызда еліміздің батыс, солтүстік, оңтүстігіндегі азаматтардың осы тақырыпқа байланысты пікірлерін береміз. Жіберіп алмаңыз. Сіз де өз пікіріңізді қосыңыз.
Фото ашық дереккөзден алынды.