Саят Медеуов: «Әншісымақтарға айыппұл салу керек»
Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов болмайтын ән айтатын әншілерге шүйлікті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Әншінің ойынша, қазір сахна майдаланып, өнердің сапасы құрып барады. Ел аузында айтылып жүрген әндердің арасында мағына мен мән жоқ дүниелер қаптап кеткенін айтты ол.
«Жеңіл әңгіме айтқым келмейді. Мәдениет саласында, өнерде мен күйіп кететін нәрсе көп. Қазір аузына келген сөзбен ән жаза беретін әншісымақтар қаптап кетті. Сапасыз әншілерден, сапасыз ән туады. Оларға ешқандай шектеу болып жатқан жоқ, сәйкесінше ойына келгенді жазады. Әннің сөзі әуенмен бірге төгіліп, поэзия секілді құйылып тұруы керек. Біз — композитор, ақын, әнші деген үш тағанды жоғалтып алдық. Баяғыда ән осы үш тағанның уысынан шығып, сәтті екенін дәлелдейтін. Қазір бәрі майдаланып барады», — деп ашуланды Саят Медеуов.
Сондай-ақ ол сахнада мән-мағынасы жоқ ән айтатындарға айыппұл салу керегін айтты.
«Болмайтын ән айтатын болмайтын әншілер көп. Бәрі демеймін. Арасында жақсы әншілер де бар. Бірақ сондай болмайтын ән айтатындарға айыппұл салу керек. Заңмен шектеп, олардың еркін көсілуіне жол бермеуіміз керек. Ақыры бәріне айыппұл салып жатырмыз ғой. Көлікті 5 минуттан артық қыздырғанға да айыппұл салып жатырмыз ғой, одан да өнерді ластап, мәдениетті құртып жатқан әншісымақтарға айыппұл салғанымыз абзал», — деді әнші.
Саят Қабылұлы Медеуов — танымал қазақ әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1973 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен ауылында дүниеге келген.
Саят Медеуов 1998 жылдан бастап өнер сахнасында жүр. Оның репертуарында «Көк шолақ», «Сен көріктісің», «Алтыным», «Бозторғай» және басқа да халық сүйіп тыңдайтын әндер бар.