Шегірткемен күреске — 8,1 млрд. теңге бөлінген

0
160

10 мамырда премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Бұл ретте билік өкілдері республикалық бюджеттен шегіртке зиянкестерімен күресу үшін биыл 8,1 млрд теңге бөлінгенін айтты деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

10 мамырда өткен үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдері егіс науқанының барысы туралы баяндады.

Министрлік ақпараты бойынша, 2024 жылдың болжамды егіс алаңы — 23,8 млн гектар. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары биыл қысқарады, алайда майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га жерге егілген. Ал жаппай егіс науқаны биыл мамырдың екінші онкүндігінде басталады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктердің деректеріне сүйеніп, бүгінде қажетті 2,4 млн тонна тұқымның 99 пайызы барын айтты.

Қалған көлем Азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда шаруаларға барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп, жөнелтілді. Президенттің тапсырмаларына сәйкес, биыл 1,5 млн тонна минералды тыңайтқыш қолдану жоспарлануда, оның ішінде 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өніміне тиесілі.

Бұл бағыттағы жұмыс Қызылорда облысында ғана толық аяқталды. Ал қалған әкімдіктерге премьер-министр жұмысты жеделдету қажеттігін айтты. АШМ дерегінше, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша, техника шамамен 98 пайызға дайын, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай аталған техника 100 пайызға дайын болмақ. Сондай-ақ егістіктерді химиялық өңдеу үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді.

Бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2023 жылы шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты биыл 2,5 млн га алаңда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Аталған жұмыстарды жүргізу үшін барлық қажетті ресурс бар. «2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдікті дизель отынының көлемі шаруалардың Gosagro.kz ақпараттық жүйесі арқылы берген электрондық өтінімдері негізінде дайындалды.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлерге биыл жеңілдетілген дизель отынының көлемі қосымша 36 мың тоннаға – 376 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Оның құны литріне 250 теңге деңгейінде сақталады, бұл нарықтық бағадан литріне 45 теңгеге немесе 15 пайызға арзан.

Облыстарды тиеп-жөнелту бойынша МӨЗ-ге бекіту кестесі бекітілді, бүгінде 52% жөнелтілді», — делінген хабарламада. Энергетика министрлігінің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болмақ.

Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін үкімет 140 млрд теңге бөлген. Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге бөлу көзделген. Осыған байланысты премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс науқанын уақытылы, сапалы жүргізіп, барлық қажетті шараны қабылдауды әрі Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерді тиімді субсидиялауға ерекше назар аудару тапсырды.

«Субсидияларды бөлу бойынша барлық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, Сізге, Айдарбек Сейпілұлы, әкімдермен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуге тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ үкімет басшысы облыстардың әкімдіктеріне шағын және орта деңгейдегі қожалықтарға назар аударып, шаруалардың барынша ауқымды бөлігін қамтуды тапсырды. Премьер-министр ауа райының ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, егіс жұмыстарын дұрыс жоспарлау керегін айтты.

Республиканың оңтүстік өңірлерін, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар үкіметтің ерекше бақылауында.

«Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауы тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», — деді премьер-министр.

Отандық зауыттарда тыңайтқыштар жетіспегендіктен, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен келіп түскен шағымдар аясында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Оған қоса Бектенов әкімдіктер тыңайтқыштар мен жеңілдікті дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажеттігін айтты. Ал фитосанитариялық жағдай бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткелердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмыстарын бақылау тапсырылды.

Бұл ретте республикалық бюджеттен табын шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл 8,1 млрд теңге бөлінген. «Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуы тиіс. Туындаған мәселелерді Жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», — деп тапсырма берді премьер-министр.

Фото ашық дереккөзден алынды.